Саян – мәнерлеп оқу байқауының жеңімпазы

Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы ұйымдастырылды.

Байқау ұлы ойшыл, қазақ халқының дара тұлғасы, хәкім Абай Құнанбаевтың туған күніне орайластырылған.  Жыр кешінде 4-6 сынып аралығындағы мектеп оқушылары ұлы ақынның табиғат лирикасы, білім мен ғылымға арналған  және аударма өлеңдерін нақышына келтіре орындады.

«Даналықтан дән ізде» атты мәнерлеп оқу сайысының алғашқы кезеңіне 33 жеткіншек қатысса, оның он төрті финалдық кезеңде жыр оқып, жүлдегерлер қатарынан көрінді. Қатысушылардың өнерін тіл мамандары, кітапхана қызметкерлері мен мешіт имамдары сарапқа салды.

Тіл мәдениеті мен көркемсөз шеберлігін дамыту, дара ақынның өшпес мұрасын ұрпаққа насихаттау бағытында ұйымдастырылған шараға қаламыздағы «Тәжиден Батырұлы» мешіті, облыстық орталық мешіт пен «Тулбаев Мухаммед-Гариф» мешіттерінің бас имамдары демеушілік көрсетті.

– Бүгінгі шара «Алақай, жаз!» бағдарламасы аясында ұлы ақынның шығармашылығына арналып отыр. Абайдың даналығын, шығармашылығын насихаттай отырып, болашақ ұрпақты поэзияны сүюге талпындыру – басты мақсатымыз. Байқауға қолдау көрсетіп, шығармашылық байланыста болған қаламыздағы мешіттердің бас имамдарына алғыс білдіремін, – деді аталмыш кітапхананың жұртшылықпен байланыс бөлімінің басшысы Гүлназ Хамзина.

Кітапханадағы «Алақай, жаз!» бағдарламасы мектепшілік лагерь оқушыларына арналған. Жаз маусымында балалардың таным көкжиегін кеңейтуге арналған әр түрлі қызықты шаралар осы бағдарлама аясында жүзеге асуда.

Ақынның И.Крыловтан аударған «Шегіртке мен құмырсқа» мысал өлеңін актерлік шеберлігімен құбылта орындаған «Әйгерім» балалар аула клубының тәрбиеленушісі Расул Кубашевқа Абай өлеңдері сенім мен батылдық сыйлайды екен. Ол жетекшісі Гүлнар Оспанова үнемі ұлы тұлғаның өлеңдерін жаттауға кеңес беріп отыратынын айтты.

 

Нәтижесінде мәнерлеп оқу байқауының бас жүлдесін ақынның аударма өлеңін көрерменге ерекше жеткізген «Бәйтерек» аула клубының  тәрбиеленушісі Саян Ерсайын  жеңіп алды. «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» аталымында қалалық №44 жалпы орта білім беретін мектебінің оқушылары Абылай Өтеулі мен Гүлфия Аманғали жүлделі бірінші орыннан көрінді. Әдеби кешке қатысушыларға демеушілер атынан бағалы сыйлықтар табысталды. Кеш соңында кітапхана ұжымы байқауды ұйымдастыруға қолдау көрсеткен мешіт өкілдерін алғыс хатпен марапаттады.

 

Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *