Орал қаласында орын алған алаяқтық фактілеріне қатысы бар деген күдікпен Тараз қаласынан келген үш адам ұсталды деп хабарлайды қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі.
Ағымдағы жылдың 19 шілдесінде Орал қаласы аумағында бірнеше азаматты алдап, алаяқтық жасаған күдіктілер туралы мәліметтер тіркеліп, оларға іздестіру жарияланған. Шілденің 20-сы күні қалалық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілдері ер адам мен екі әйелді жалдамалы пәтерден қолға түсірген. Сөйтіп орын алған алаяқтық фактісі ашылған.
Қаланың Зачаганск ауданында болған кезекті алаяқтық әрекеттері барысында 1978 жылғы азаматшаның алтын бұйымдары алаяқтардың қолында кетіп, жәбірленушіге 1 миллион 255 мың теңге шығын келген.
Осы фактіге күдікті ретінде Тараз қаласының үш тұрғыны құрықталып, тергеу амалдары басталған. Сыған нәсілді азаматшаның біреуі дәл осындай қылмыстық әрекеттерге бұған дейін де жол беріп, заң алдында жауапталғаны белгілі болған. «Күдіктілердің қолындағы айғақ заттар тәркіленіп, алтын бұйымдар иесіне жуықта кері қайтарылады. Алаяқтыққа қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде» деп мәлімдейді басқарманың баспасөз қызметі.
«PULS» ақпарат