Орал қаласында «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша үш күн ішінде 30 жолдама берілген.
Табысы төмен отбасыларға тұрғын үй сатып алуға арналған несиелендіру аталмыш бағдарламасы – көпбалалы отбасы, толық емес жанұяларға және мүмкіндігі шектеулі баласы бар отбасыларға арналған жаңа бағдарлама.
Бағдарлама шарттары бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент, Ақтау, Атырау қалалары аумағынан берілетін тұрғын үй құны 15 млн. теңгеге дейін болса, бұл көрсеткіш өзге облыстарда 10 млн. теңгеге дейінгі сомаға тиесілі.
Бағдарлама аясында тұрғын үй кезегіне жолдама алу басталды. Қазіргі таңда қаламызда толық емес 3553 отбасы тұрғын үй кезегінде тұр. Кезектілік тәртібі бойынша тұрғын үй 1989- 2008 жылдар аралығында өтініш берген отбасыларға берілуде. Тұрғын үй кезегіндегі көп балалылар саны – 784 болса, кезек 1984 жылдан 2013 жылға дейін жалғасады. Кезектегі мүгедек балаларды тәрбиелеуші отбасылар саны – 909. Олар үшін тұрғын үй кезегі 2001-2010 жылдар аралығын қамтиды.
Бағдарламаның ең басты шарты – пәтер алушының жылдық заем мөлшерлемесі екі пайызды құрауы тиіс. Пәтердің құнын өтеу мерзімі – 20 жыл. Ал баспана құнының 10 пайызы ең төменгі бастапқы жарнаны көрсетеді. Аталмыш бағдарлама талабына сай келген отбасыларға пәтерді жаңадан бой көтерген немесе қолданыста болған тұрғын ғимаратынан және жеке үй сатып алуына мүмкіндік бар.
Кезектілік мәселесі жайында Орал қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бөлім басшысының орынбасары Қанат Умралиев:
– Жолдама саны шектеулі болғандықтан, кезектілік тәртібіне сай беріліп жатыр. Тұрғын үй алушылар үшін соңғы алты ай ішіндегі отбасының әр мүшесіне келетін табыстың бір айлық көлемі ең төменгі жалақыдан артық болмауы керек. Арыз берушілердің айлық жалақысының аздығы, өз кезегін күтуі, бастапқы жарнаның болмауы, сондай-ақ бағдарламадан бас тартқан отбасылар болған жағдайда кезектілік тәртібі ілгерілей береді, – деді.
Қазіргі таңда елімізде ең төменгі жалақы мөлшері – 42 500 теңге.
– «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жасақталған бағдарлама бойынша құжат қабылдау «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы басталды. Облыс көлемі бойынша 261 жолдама бөлінсе, қала бойынша берілетін жолдама саны –170. Бағдарламаға қатысу үшін азаматтар тұрғын үй кезегінде болуы міндетті, – деді «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Батыс Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары Тимур Кульшманов.
Бағдарламаға қатысушылар үшін басты талап төмендегідей:
1.Пәтер алушы әкімдік кезегінде болуы шарт; олардың отбасы мәртебесін растайтын құжат міндетті түрде болуы тиіс.
2. Бағдарламаға қатысушының өз және отбасы мүшелері атында тұрғын үй болмауы тиіс.
3. Өз қалаңыздың үй-коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы бөлімінен жолдама рәсімдеу;
4. Төлем қабілеттілігін банк арқылы растау.
Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ