Жыл соңына дейін «2025 жылға дейінгі білім мен ғылымды дамыту туралы мемлекеттік бағдарлама» бекітіледі деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы премьер-министр Асқар Мамин Президенттің қатысуымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мәлімдеген.
«Осы жылдың соңына дейін «2025 жылға дейін білім мен ғылымды дамыту мемлекеттік бағдарламасы» бекітіледі. Оның аясында үш кезеңдік мектеп мәселесі шешіледі» деді Үкімет басшысы. Айтуынша, елімізде 100-ден астам жекеменшік мектеп пен 3 мыңға жуық балабақша ашылады.
«Барлығы 500 мектеп салу жоспарланып отыр. Оның ішінде өздігінен қаржыландыру есебінен 100-ден астам жекеменшік мектеп ашылады. Бұдан бөлек мемлекеттік-жекешелік кәсіпкерлік механизмі бойынша 3 мыңға жуық жаңа балабақша ашылады» деді Асқар Мамин. 2021 жылға қарай еліміздегі мектеп, колледж және ЖОО-ы оқудың жаңа бағдарламасына толық көшеді.
«Мұнымен бірге кішігірім мектептердің білімінің сапасына, ауыл және қала мектептерінің арасындағы айырмашылықты азайтуға ерекше назар аударылады. Жатақханаларда орынмен қамтамасыз ету үшін 2022 жылдың соңына дейін 75 мың орын, осы жылдың соңына дейін 8 мың орын пайдалануға беріледі» деді премьер-министр.
Сондай-ақ Үкімет басшысы ғылым саласында оның тиімділігін арттыру үшін ғылымды қаржыландыру және басқарудың жаңартылған жүйесі енгізіліп жатқанын атап өтті. Ол процедуралардың ашықтығы мен бөлінетін қаржының тиімділігін қамтамасыз етеді екен.