Бүгін Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлы хазіреттің бұйрығымен Мұратбек Қыстаубаев Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Батыс Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы және облыстық орталық мешіттің бас имамы болып тағайындалды деп хабарлайды ҚМДБ-ның БҚО бойынша баспасөз қызметі..
Жаңа өкіл имамды мешіт ұжымы мен Ақ Жайық жамағатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, наиб мүфти, ҚМДБ-ның Нұр-Сұлтан қаласы бойынша өкілі, республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Наурызбай қажы Тағанұлы таныстырды.
– Мұратбек Мұхтарханұлы – әлемге әйгілі «Әл-Азхар» университетін тәмамдаған, діни білімі жоғары маман. 2013 жылдан бастап Орал орталық мешітінің наиб имамы, Орал медресесі директорының орынбасары қызметтерін атқарды. Ендігі кезекте осы өңірдің рухани өміріне қалтқысыз қызмет етіп, бар біліктілігі мен білімін, ынта-жігерін осы өңірдің діни тұрақтылығын нығайтуға жұмсайды деп сенемін, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы. Ал осыған дейін ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкіл имамы қызметін атқарған Еркебұлан қажы Қарақұлов ҚМДБ-ның Шымкент қалалық орталық «Halifa al-Nahaian Aqmeshiti» мешітінің наиб имамы, Шымкент қаласы, Еңбекші аудандық «Әл-Біләл» мешітінің бас имамы қызметіне ауысты. Оның атқарған қызметіне құрмет көрсетіліп, қазақы салтпен иығына шапан жапты.
Мұратбек Қыстаубаев 1983 жылы дүниеге келген. 2000-2005 жылдары Қ.Яссауи атындағы гуманитарлық институттың «Дінтану» факультетін; 2005-2013 жылдары Египет Араб Республикасы Әль-Азхар халықаралық ислам университетінің «Шариғат» факультетін тәмәмдаған. 2013 жылдан бастап «Орал» облыстық орталық мешітінің наиб имамы, 2015-2018 жылдары «Орал» медресесі директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарған. Үйленген, ұлы мен қызы бар.
«PULS» ақпарат