Бала қауіпсіздігі назардан тыс қалмайды

Бүгін «Еуразия» туристік-сауықтыру кешеніндегі лагерь демалушылары жол қауіпсіздігі жайында көптеген ақпарат алып, білімдерін шыңдады.

 «Батыс Қазақстан облысының қауіпсіз жолдары» жобасы аясында өткен шараға 200-ге жуық бала қатысты. Ұйымдастырушылар қойған сауалдарға жауап беріп, жол қауіпсіздігі жайында сауаттылықтарын арттырды.

Бұл жоба облыс әкімдігінің қолдауымен ШЕЛЛ, ЭНИ концерндері,  EASST ағылшын қайырымдылық ұйымы және оның өңірлік серіктесі «Гауһар жол» қоғамдық бірлестігімен бірлесе жүзеге асырылуда. 2019 жылдың бесінші наурызында аталмыш жоба аясында жоғарыдағы компаниялар ынтымақтастық меморандумына қол қойған болатын.

Қазіргі таңда жол-көлік оқиғасының белең алып тұрғаны мәлім. Әлемде күніне орта есеппен 18 жасқа дейінгі бес жүз бала осы оқиғадан көз жұмады екен. Ал облысымызда соңғы алты айдағы мәлімет бойынша балалардың қатысуымен 29 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бір бала тас жол үстінде ажал құшса, отыз төрті әр түрлі жаратқат алған.

Жобаның басты мақсаты — осындай жазатайым апаттар мен жол-көлік оқиғасының алдын алу, БҚО-да жол қауіпсіздігін жақсарту болып отыр.

– Балаларға жол жүру ережелерін білу – міндет. Аталған жоба барысында қаламыздағы  балалар демалыс орындарына келіп, жол қауіпсіздігімен тағы бір мәрте таныстырудамыз. Біздің мақсатымыз  –жол-көлік оқиғасының алдын алу болып табылады. Алдағы уақытта бұл шаралар жалғасады, – деді жоба үйлестірушісі Гүлнара Бисенова.

Шара барысында жол қауіпсіздігі жайында театрландырылған қойылым көрсетілді. Балаларға арналған жол қозғалысы ережелерінен сұрақ-жауап айдары да жүргізілді.

Балаларды көшеде қауіпсіз жүріп-тұруға үйрету өте маңызды. Белгіленген жолақтан өтпеу, велосипед пен самокатты жолда дұрыс пайдаланбау, жол жиегінде ойын ойнаудың соңы жарақат алу немесе орны толмас өкіншішпен аяқталары анық. Жаңа оқу жылының қарсаңында балаларды ережелермен таныстырып, білімдерін арттыру ұйымдастырушылардың діттегені деп білеміз. Шара соңында балаларға жол қозғалысы кезінде сақтандыру үшін сөмкеге тағуға ыңғайлы шағылыстырылатын салпыншақтар (светоотражающие брелоки) таратылды.  Демалушылар үшін арнайы өткізілген шара әрі қарай өз жалғасын таппақ.

Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ,

Бейбарыс Сұлтанның суреті

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *