Татар ұлтының өкілдерімен кездесті

Бүгін қалалық «Атамекен» балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығындағы лагерь демалушылары қаламыздағы татар мәдениетінің өкілдерімен жүздесті.

 Қонақтарды  демалушылар ерекше ықыласпен қуана қарсы алды. Орал қалалық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен «Ғылыми зерттеулерді қолдау қорының» ұйымдастыруымен өткен шараның балалар үшін тәрбиелік маңызы зор болды.

Облыстық татар этномәдени бірлестігінің мүшесі Надия Тухватуллина  жас ұрпаққа татар ұлтының тарихын, тілін, мәдениетін түсіндіріп, татар ақыны  Ғабдолла Тоқайдың өлеңдерін оқыды. Жылма-жыл қаламызда өтетін татар халқының төл мерекесі «Сабантой» мейрамының маңыздылығына да тоқталып өтті.

Түбі бір түркі халықтары елімізде тату-тәтті күн кешуде. Айта кетейік, татарлар алғаш Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданының Жаңақазан ауылында қоныстап, онда сауда-саттықпен айналысқан. Қазіргі таңда облысымызда аталмыш ұлттың үлесі 1,31 пайызды құрайды. Ал құрылғанына отыз жыл уақыт өткен бірлестік әлі күнге дейін жұмысын жалғастырып келеді.

«Ғылыми зерттеулерді қолдау қоры» жеке қорының басшысы Айболат Құрымбаев Бөкей Ордасында татар халқының алғаш қоныстануын әр түрлі зерттеу деректеріне сүйене отырып, дәйекті мәліметтерді мысал қып келтірді.

Кездесу кешінде демалушыларға арнап бірлестік мүшелері музыкалық сәлемдемелерін жолдады. Олар балаларға ата-әжелік ақылдарын айтып, ел үміттеріне зор сенім білдірді. Тынығушылар татар әндерін тыңдап, шара соңында естелік суретке түсті.

– Мен бүгін біраз тарихи деректерге қанық болдым. Әсіресе, ұлттық киімдері ерекше әсер қалдырды. Татар халқының тілі қазақшаға ұқсайды екен, – дейді демалушы Гүлнұр Қойшыбаева.

Гүлзинат ҚИБАТОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *