Ағымдағы жылдың 30 мамыр-4 маусымы аралығында Орал қаласы аумағында ұйымдастырылған «Түнгі қаладағы балалар» атты жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында бірқатар құқық бұзушылықтар әшкере болды деп хабарлайды қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі.
Аталмыш шараның мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу, оларға алкогольдi iшiмдiктердi, темекі өнімдерін сатуға, түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз ойын-сауық мекемелерінде немесе тұрғынжайдан тыс жерде болуға жол бермеу, құқықтық сауаттылықтарын жоғарылату, жеткіншектерді құқықбұзушылық пен қылмыс жасауға итермелейтін ересектерді анықтау. Шараның көздеген мақсатына жетуіне полиция қызметкерлерімен бірге прокуратураның, «Nur Otan» партиясы жергілікті филиалының, жастар ұйымдарының өкілдері мен белсенді жастар атсалысқан.
Полиция басқармасының жеке құрамы арнайы бекітілген жоспарға сәйкес кәмелетке толмағандар жиналатын орындарға тексеру рейдтерін ұйымдастырған. Нәтижесінде басқармаға және учаскелік полиция бекеттеріне 61 жасөспірім жеткізілген. 53-нің әртүрлі құқық бұзушылықтар жасағаны анықталып, қоғамдық орындарда қараусыз қалған он жеткіншек табылған. Көше кезіп қайыр сұрап жүрген жасөспірімдер арнайы орталықтарға орналастырылған. Көңіл жұбантарлығы, кәмелетке толмағандардың қатысымен жасалған қылмыс тіркелмепті. Мектеп инспекторлары 53 әкімшілік құқық бұзушылықты анықтаған.
Аталған мерзім аралығында Қазақстан Республикасының ӘҚБК-нің 127-бабы бойынша өз балаларына тәрбие бермей, ата-аналық құқықтарын дұрыс атқармағаны үшін үш құқық бұзушылық анықталған. Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды тұлғаларынсыз ойын-сауық орындарында болуларын қадағалау мақсатында «Ғасыр» жастар қоғамдық бірлестігінің мүшелерінің қатысуымен қала аумағындағы компьютерлік клубтар, кафе-барлар, кинотеатрлар тексерілген. ҚР ӘҚБК-нің 200-бабы бойынша – екі, 132-бабымен – екі, 133-бабымен – бір, 442-баптың 2-бөлімі негізінде 46 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, төрт кәмелетке толмаған, үш өнегесі төмен отбасы есепке алынған.
28 мамыр күні шамамен сағат 23.30-да Жәңгірхан даңғылы №26/1 үйде орналасқан «Зачаганск» сауда үйінің сатушысы жасөспірімге бес «Балтика-7» сырасын сатқан. Бұл жағдайға байланысты ҚР ӘҚБК-нің 200-бабы 3-бөлімі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылған. Ал келесі күні түнгі сағат 00.00-де №23 учаскелік бекеті аумағында орналасқан «Сабинур» дүкенінің сатушысы 2003 жылғы жасөспірімге бір «Кружка свежего» сырасын сатқан. Сатушыға қатысты Шаған полиция бөлімшесінің инспекторы ҚР ӘҚБК-нің 200-бабы негізінде хаттама толтырса, кәмелетке толмаған қазталовтық жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналыстырылған.
Оралдық мектеп инспекторлары ҚР ӘҚБК-нің 442-бабы 2-бөлімі негізінде жалпы 12 құқық бұзушылықты анықтаған. Мамырдың 29-ында сағат 00.00. шамасында Мөңкеұлы көшесіндегі футбол алаңында түнгі мезгілде жалғыз жүрген 2003 жылғы Т есімді жасөспірімнің заңды тұлғасының үстінен хаттама толтырылып, ескеру жарияланған.
Жасөспірімдер тағдырына, олардың жүріс-тұрысына, мәдениетіне әлбетте ересектер жауаптымыз. Сондықтан тәртіп сақшылары оларды үнемі бақылауда ұстауды ескертеді. Себебі мұның соңы өкінішті оқиғаға ұрындыруы мүмкін.
Ләззат ҚАЖЫМ