
Конституция – мемлекеттің құқықтық негізін айқындап қана қоймай, азамат пен мемлекет арасындағы өзара жауапкершіліктің берік іргетасын қалыптастыратын басты құжат. Оның нормаларында адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау, қоғамдық келісім мен тұрақтылықты сақтау, азаматтардың ел өміріне қатысуына мүмкіндік беру қағидаттары бекітілген.
Бүгінде азаматтық белсенділік тек сайлау үдерісіне қатысумен шектелмейді. Қоғамдық мәселелерді талқылауға атсалысу, өз ұсынысын білдіру, мемлекеттік органдарға өтініш жолдау, қоғамдық бастамаларды қолдау – азаматтың ел дамуына қосатын нақты үлесі.
Жергілікті деңгейдегі азаматтардың белсенділігі де ерекше маңызға ие. Себебі тұрғындардың ұсыныстары мен бастамалары елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын жетілдіруге, абаттандыруға, қоршаған ортаны қорғауға және қоғамдық ортаны дамытуға бағытталған нақты жобалардың қалыптасуына ықпал етеді.
Мемлекет пен қоғам арасындағы сындарлы диалог неғұрлым берік болған сайын, шешім қабылдау үдерісі де ашық әрі тиімді бола түседі. Осы тұрғыдан алғанда, Конституцияда бекітілген құқықтар мен міндеттер азаматтың өз еліне деген жауапкершілігін арттыруға негіз болады.
Құқықтық мәдениеті жоғары, қоғамдық мәселелерге бейжай қарамайтын азаматтық қоғам – тұрақты мемлекеттің маңызды тірегі. Сондықтан Конституция талаптарын құрметтеу – заң нормаларын сақтау ғана емес, ел болашағына ортақ жауапкершілікпен қарау.
