«Әділет» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы Әйелдер қанатының төрайымы Нұргүл Ашикова 2026 жылға арналған жұмыс жоспары аясында алдағы кезеңде жүзеге асырылатын жұмыстар туралы ақпарат берді. «Әйел өмірі үшін» республикалық айлығы аясында шаралар өткізу жоспарында атап өтті.

Әйелдер қанатының негізгі мақсаты – әйелдердің қоғамдағы белсенділігін арттыру, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға қолдау көрсету, отбасылық құндылықтарды нығайту, әлеуметтік осал топтарға көмек көрсету және әйелдердің білім, денсаулық, еңбек, кәсіпкерлік бағыттарындағы мүмкіндіктерін кеңейту.
Алдағы кезеңдегі жұмыстар бірнеше негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады.
Бірінші бағыт – отбасы құндылықтарын нығайту және аналарды қолдау
Отбасы – қоғамның негізгі тірегі. Осыған байланысты Әйелдер қанаты отбасы институтын нығайтуға, ата-ана мен бала арасындағы байланысты күшейтуге бағытталған бірқатар жобаларды іске асырады.
Қыркүйек айында Отбасы күніне орай «Өнегелі шаңыраққа – құрмет» атты акция өткізіліп, көпшілікке үлгі болып отырған, отбасылық құндылықтарды дәріптеп жүрген 15 отбасының шаңырағына арнайы барып, құттықтадық. Сонымен қатар, қаламмыздағы отбасын қолдау орталағына жүгінген отбасыларға сыйлықтар табысталды.
Әйелдер қанаты мүшелерінің ұйымдастыруымен өмірлік қиын жағдайға тап болған аналарға арналған «Анаға бір сағат» жобасы өткізілді. Оның аясында 20 анаға кеңес және қажетті қолдау көрсетілді.
Отбасылық қарым-қатынаста қиындықтары бар жұптарға арналған «Бірге қалуға себеп бар» интерактивті кездесуі де маңызды жобалардың бірі болды. Бұл кездесудің мақсаты – ерлі-зайыптылар арасындағы өзара түсіністік пен жауапкершілікті арттыруға ықпал ету.
Екінші бағыт – әлеуметтік қолдау және қамқорлық
Әйелдер қанаты әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарды назардан тыс қалдырмайды. Осы бағытта «Қамқорлық эстафетасы» ұйымдастырылып, жалғыз тұратын қарттар, еңбек ардагерлері, жалғызбасты әжелер және әлеуметтік қолдауды қажет ететін қарияларға арнайы бару жоспарланған. Қарияларға сый-сияпат табыстап қана қоймай, тұрақты қамқорлық байланыстарын қалыптастыруға басымдық беріледі.
Сондай-ақ балалар үйлері мен қиын жағдайға тап болған жасөспірімдер орталығында тәрбиеленіп жатқан балаларға бағытталған қайырымдылық және қолдау шаралары өткізіледі.
Мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналармен де арнайы кездесу ұйымдастырылып, олардың өзекті мәселелері тыңдалып, нақты ұсыныстар жинақталады.
Үшінші бағыт – әйелдердің денсаулығын қолдау
Әйел денсаулығы – отбасы мен қоғамның әл-ауқатына тікелей әсер ететін маңызды мәселе.
Осы мақсатта «Денсаулық керуені» жобасы қолға алынып, ірі кәсіпорындарда жұмыс істейтін әйелдерге көшпелі медициналық қабылдау ұйымдастырылады. Жоспар бойынша кемінде екі кәсіпорында медициналық кеңес беріліп, 50 әйел қамтылады.
Бұл бастама әйелдердің медициналық сауаттылығын арттырып, денсаулығына уақытылы көңіл бөлуіне мүмкіндік береді. Қазір денсаулық саласындағы әріптесім, бұл тармаққа толығымен тоқталып өтетін болады.
Төртінші бағыт – құқықтық сауаттылық және әйелдердің құқықтарын қорғау
Әйелдердің өз құқықтарын білуі және қажетті жағдайда тиісті көмекке жүгіне алуы – біздің жұмысымыздың маңызды бағыттарының бірі. Осыған байланысты желтоқсан айында «Әйел және заң» атты құқықтық экспресс-қабылдау өткізіледі.
Сонымен қатар аудандық іссапарлар барысында әйелдерге, жас отбасыларға және аналарға қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылып, олардың мәселелері тікелей тыңдалады. Әр кездесудің қорытындысы бойынша нақты ұсыныстар әзірленетін болады.
Бесінші бағыт – цифрлық қауіпсіздік
Қазіргі таңда цифрлық қауіпсіздік мәселесі күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Осыған орай «Телефоныңды 10 минутта қауіпсіз ет» атты практикалық жоба өткізіледі. Жоба барысында колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттеріне, жас әйелдер мен қыздарға смартфондардың қауіпсіздік параметрлерін дұрыс баптау бойынша практикалық көмек көрсетіледі.
Алтыншы бағыт – әйелдердің еңбек және кәсіби әлеуетін арттыру
Әйелдердің экономикалық белсенділігін арттыру, еңбек нарығында өз орнын табуына және кәсіби дамуына жағдай жасау да назарымызда болады. «Әйел ресурсы» атты тренингтер мен кездесулер ұйымдастырылып, ұйымдарда жұмыс істейтін әйелдер, жас мамандар және әйел басшылар қамтылады. Сонымен бірге «Сізге қандай көмек керек?» атты көшпелі мобильді қабылдау өткізіліп, жұмыс іздеп жүрген, оқуға немесе кәсіпкерлікке қызығушылық танытқан әйелдерге қажетті бағыт-бағдар беріледі.
Жыл соңында еңбек жолында жетістікке жеткен әйелдерді, еңбек ардагерлерін, кәсіпкер әйелдерді, жас мамандар мен қоғамдық белсенді әйелдерді біріктіретін «Еңбекпен келген жетістік» атты салтанатты қабылдау өткізу жоспарланып отыр.
Бұл шара аясында еңбегімен ерекшеленген әйелдерді марапаттап, олардың жетістік тарихтарын көпшілікке таныстыру көзделген.
Жетінші бағыт – аудан әйелдерімен тікелей жұмыс
Әйелдер қанатының жұмысы тек облыс орталығымен шектелмейді.
Жоспарға сәйкес қазан, қараша және желтоқсан айларында ауданға арнайы іссапарлар ұйымдастырылады.
Іссапарлар барысында қоғамдық қабылдаулар өткізіліп, әйелдер қауымымен, жас отбасылармен және аналармен кездесулер ұйымдастырылады. Негізгі мақсат – әйелдердің мәселелерін жергілікті жерде тыңдап, оларды шешуге ықпал ететін нақты ұсыныстар әзірлеу.
Сегізінші бағыт – ұрпақтар сабақтастығы және рухани құндылықтар
Қыркүйек айының соңында «Мен әжемнен үйрендім» атты онлайн челлендж ұйымдастырылды. Бұл бастама арқылы жас ұрпақ пен аға буын арасындағы байланысты нығайтып, ұлттық тәрбие, отбасылық дәстүр және өмірлік тәжірибенің маңызын дәріптеу көзделді.
Қорытынды
Жалпы, 2026 жылға арналған Әйелдер қанатының жұмыс жоспары – әйелдерді тек белгілі бір әлеуметтік топ ретінде қарастырумен шектелмей, олардың қоғамдағы рөлін, әлеуетін және белсенділігін арттыруға бағытталған кешенді жұмыстарды қамтиды.
Алдағы кезеңде біз үшін ең бастысы – іс-шара санын көбейту емес, олардың нақты нәтижесін қамтамасыз ету.
Әр қоғамдық қабылдаудың артында – шешімін күткен мәселе, әр кездесудің артында – нақты ұсыныс, әр әлеуметтік акцияның артында – қолдауды қажет ететін адам тұрады.
Сондықтан Әйелдер қанатының жұмысы халықпен тікелей байланысқа, нақты көмек көрсетуге, әйелдердің құқықтық және әлеуметтік сауаттылығын арттыруға, отбасы құндылықтарын нығайтуға және қоғамдағы әйелдердің белсенділігін қолдауға бағытталатын болады.
Алдағы уақытта жоспарланған барлық бастамаларды мемлекеттік органдармен, қоғамдық ұйымдармен, білім беру және медициналық мекемелермен, сондай-ақ жергілікті қауымдастықтармен бірлесе отырып тиімді жүзеге асыруды көздеп отырмыз.
Негізгі мақсатымыз – әйелдің мәселесін тыңдау, мүмкіндігін қолдау және нақты нәтижеге бағытталған жұмыс жүргізу.
Сонымен қатар, республикалық Әйелдер қанатының желілік кестесіне сәйкес, сүт безі обырының алдын алуға және әйелдер денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Әйел өмірі үшін» республикалық айлығы аясында бірқатар іс-шаралар өткізу жоспарлануда.
Акцияның негізгі мақсаты – әйелдер арасында сүт безі обырының алдын алу, ерте диагностиканың маңыздылығы туралы ақпараттандыру, медициналық тексеруден уақтылы өту қажеттілігін түсіндіру және өз денсаулығына ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру.
Айлық аясында әйелдер қауымымен ақпараттық-түсіндіру кездесулерін, медициналық мамандардың қатысуымен кеңестер мен профилактикалық қабылдауларды, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған ақпараттық акциялар өткізуді көздеп отырмыз.
