
Батыс Қазақстан облысының цифрландыру басқармасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментімен бірлесіп, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге жауапты мамандардың қатысуымен семинар-кеңес өткізді.
Кездесуде мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласындағы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен жаңашылдықтар түсіндірілді. Қызмет көрсету кезінде заң талаптарын сақтау, қызмет сапасын арттыру және қызмет алушылардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері талқыланды.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге жауапты мамандар өз жұмысында кездесетін мәселелерді ортаға салып, заңнамадағы өзгерістерге қатысты сұрақтарын қойды.
Іс-шара барысында мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласына қосқан үлесі және кәсіби қызметі үшін бірқатар жауапты маман марапатталды.
Семинар сервиске бағдарланған мемлекеттік қызметшілерге арналған тренингпен жалғасты. Қатысушылар қызмет алушыға бағдарланған тәсіл, тиімді коммуникация және сапалы сервис ұсыну жолдарын талқылады. Қызмет алушының сұранысын дұрыс түсіну, қажетті ақпаратты нақты әрі түсінікті жеткізу және тиімді қарым-қатынас орнатуға қатысты практикалық тәсілдер қарастырылды.
Тренинг соңында қатысушылардың білімін бекіту үшін интерактивті квиз ұйымдастырылды. Мамандар мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласына қатысты сұрақтарға жауап беріп, өз білімдерін тексерді.
Семинар-кеңес барысында заңнамадағы өзгерістермен қатар, мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді ұйымдастыру және қызмет алушылармен жұмыс істеу мәселелері қаралды. Кездесу мамандарға тәжірибеде туындайтын мәселелерді талқылап, қызмет көрсету сапасын арттыруға қатысты ортақ тәсілдерді пысықтауға мүмкіндік берді.
