Өсімдіктерді қорғау шараларын өткізу және қолдану үшін жайылымдардың, шабындықтардың және егістіктердің жағдайына алдын-ала мониторинг өткізу міндетті. Қазіргі заманғы өсімдік қорғау жүйесі фитосанитариялық ақпарат көлеміне негізделіп жүргізіледі. Өсімдіктерді қорғау шараларын жүргізу үшін зиянды организмдердің дамуы, таралуы болжамдарына басты көңіл аударады. Бұл зиянды организмдердің, аурулардың дамуына бақылау жүргізу болып табылады.

Осыған орай биыл Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласы аумағындағы ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде өсімдіктерді зиянкестерден қорғау бағытында тиісті жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы дақылдарына елеулі зиян келтіруі мүмкін итальян прусына (шегіртке зиянкесі) қарсы химиялық өңдеу жұмыстары ұйымдастырылды.Өңірдегі фитосанитариялық жағдайды тұрақты бақылауда ұстау мақсатында Орал қаласы аумағындағы ауыл шаруашылығы алқаптарында химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Қызметтер арнайы авиациялық жүйелер мен аэрозольдік генераторларды пайдалана отырып жүзеге асырылған.
Жүргізілген жұмыстар Круглоозерный және Деркул ауылдық округтерінің аумағын қамтыды. Бірінші кезеңдегі өңдеу жұмыстары 18 маусым, мен 11 шілде күндері аралығында жүргізілген. Жұмыстар барысында ауыл шаруашылығы алқаптарына «Скутум» және «Койра» пестицидтері қолданылды.
Аталған өңдеу жұмыстарының жалпы көлемі 889 гектарды құрады. Өңдеу нәтижесінде зиянкестерге қарсы 95 пайыздық биологиялық тиімділікке қол жеткізілген.
Сонымен қатар 11 шілде күні Круглоозерный және Деркул ауылдық округтеріндегі жалпы 400 гектар аумақта қосымша химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді. Бұл ретте «Гунсяо, 10% к.э.» пестициді қолданылып, оның шығыны гектарына 0,06 литр мөлшерінде белгіленген. Жүргізілген жұмыстардың биологиялық тиімділігі 95 пайызды көрсетті. «РФД және БӘО» РММ БҚО филиалы мамандарының зерттеу нәтижелері бойынша, сонымен қатар алдыңғы жылдары жүргізілген жұмыстардың биологиялық тиімділігін және ауа райы қолайсыздықтарын ескере отырып осы жылға орындалған жоспар 1289 га жерді қамтып отыр.
Химиялық өңдеу көлемінің азаюына негізгі себептерінің бірі – үйірлі шегірткелер бойынша экономикалық зияндылық шегінің өзгеруі сонымен қатар метереологиялық жағдайлардың қолайсыздығы болды. Өңдеу кезеңінде жауын-шашынның жиі түсуі, ауа температурасының төмендеуі және желдің күшеюі байқалды.
Аталған жағдайлар химиялық препараттардың тиімді әсер етуіне және өңдеу нысанына толық әрі біркелкі түсуіне кері әсерін тигізді. Осыған байланысты жұмыстар фитосанитариялық талаптарға сәйкес уақытша тоқтатылып, қолайлы метеорологиялық жағдай қалыптасқан кезде қайта жалғастырылды.
Өңдеу жұмыстарының сапасы мен белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалау мақсатында арнайы комиссия тарапынан көрсетілген қызметтерге тексеру жүргізілді. Комиссия құрамына Батыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясы мен Орал қалалық аумақтық инспекциясының жауапты мамандары енгізілген.
Ауыл шаруашылығы дақылдарын зиянкестерден қорғау – өнімділікті сақтаудың және фитосанитариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі бағыттарының бірі. Сондықтан зиянкестердің таралуын ерте анықтап, оларға қарсы уақтылы өңдеу жұмыстарын жүргізу егіс алқаптарының жағдайын тұрақты бақылауда ұстауға мүмкіндік береді.
Батыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы алқаптарының фитосанитариялық жағдайын бақылау және зиянды организмдерге қарсы күрес шараларын ұйымдастыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасатын болады.
Қ.АМАНГЕЛДИ,
өсімдіктер қорғау және карантині жөніндегі мемлекеттік инспекторы
