Оралда құны 100 млн теңгеге жуық заңсыз темекі айналымының жолы кесілді

Батыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жүргізген тергеу нәтижесінде 102 мыңнан астам қорапша заңсыз темекі тәркіленді.

Орал қаласының тұрғыны темекі өнімдерін заңсыз жеткізу және өткізу схемасын ұйымдастырғаны анықталды. Акциздік маркалары және міндетті цифрлық таңбалауы жоқ темекі өнімдері еліміздің басқа облыстарынан өңірге жеткізіліп, кейін әртүрлі мекенжайларда жасырылып, сатуға дайындалған.

Тауардың ірі партияларын сақтау үшін Орал қаласындағы және Бәйтерек ауданындағы тұрғын үйлер, оның ішінде туыстары мен таныстарына тиесілі үй-жайлар пайдаланылған.

Жедел-тергеу іс-шараларының нәтижесінде заңсыз айналымнан жалпы құны 99,4 млн теңге болатын 102 418 қорапша темекі өнімі тәркіленді.

Бюджетке 37 млн теңге мөлшерінде акциз төлемдері түспеген.

Осылайша, темекі өнімдерінің заңсыз айналымы заңда көзделген таңбалауы жоқ тауарды өткізу арқылы табыс табуға және сонымен қатар бюджетке міндетті төлемдерді төлеуден жалтаруға мүмкіндік берген.

Тергеу нәтижесінде Орал қаласының тұрғынының әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 214-бабының 1-бөлігі бойынша сараланды.

Сот Орал қаласының тұрғынын кінәлі деп таныды. Іс жүргізу Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына орай жарияланған рақымшылық актісінің қолданылуына байланысты тоқтатылды.

Тәркіленген темекі өнімдері жойылуға жатады.

БҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінде атап өткендей, акцизделетін өнімдердің заңсыз айналымына қарсы күрес жұмыстың басым бағыттарының бірі болуда. Мұндай схемаларды анықтау заңсыз сауданың жолын кесіп қана қоймай, адал кәсіпкерлікті қорғауға мүмкіндік береді.

Оставьте ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *