2025–2026 оқу жылының аяқталуы

Бүгінгі брифинг барысында 2025–2026 оқу жылының аяқталуы және өңірдің білім беру саласында атқарылған жұмыстар жөнінде ақпаратты Батыс Қазақстан облысының білім басқармасының басшысы Елдос Сафуллин мәлімдеді

Батыс Қазақстан облысында қазіргі таңда 571 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оның ішінде 190-ы — жекеменшік балабақша.

Мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдау толықтай электронды форматта, smartnation.balabaqsha порталы арқылы жүргізіледі. Бұл ата-аналар үшін ыңғайлы әрі кезек қалыптастырудың ашықтығын қамтамасыз етеді.

Ваучерлік қаржыландыру жүйесі енгізілген Орал қаласы мен Бәйтерек ауданында балабақшаға қабылдау 1 шілдеден басталады. Ал облыстың қалған 11 ауданында қабылдау 1 тамыздан жүзеге асырылады.

Мектепалды даярлық топтарының тәрбиеленушілері оқу жылын 31 мамырда аяқтап, 1-сыныпқа қабылданады. Биыл енгізілген өзгерістерге сәйкес, 1-сыныпқа құжат қабылдау 27 мамыр мен 31 тамыз аралығында электронды үкімет порталы немесе білім беру ұйымдары арқылы жүргізіледі.

Жалпы білім беретін мектептердің мектепалды даярлық бағдарламасын меңгерген және осы мектепте оқуын жалғастыруға ниет білдірген балалар ата-анасының жазбаша өтініші негізінде бірінші сыныпқа автоматты түрде қабылданады. Ал мектепке дейінгі ұйым тәрбиеленушілері белгіленген құжаттар топтамасын тапсырады.

Бүгінде облыста 382 мектеп жұмыс істейді. Жалпы білім алушылар саны — 126 мыңнан астам оқушы. 2025–2026 оқу жылы 25 мамырда аяқталады. Биыл облыс бойынша 10 440 оқушы 9-сыныпты, ал 8179 түлек 11-сыныпты тәмамдайды.

Сондай-ақ 437 оқушы «Алтын белгіге», 448 түлек «Үздік аттестатқа» үміткер болып отыр.

9-сынып бітірушілері үшін қорытынды емтихандар 29 мамыр мен 11 маусым аралығында өткізіледі. Оқушылар 4 пән бойынша емтихан тапсырады.

(Математика (алгебра) – 29 мамыр (жазбаша)

Таңдау пәні – 3 маусым (жазбаша)

Оқыту тілі (қазақ тілі/орыс тілі) – 8 маусым (жазбаша)

Қазақ тілі мен әдебиеті/орыс тілі мен әдебиеті – 11 маусым (жазбаша)

Ал 11-сынып түлектерінің мемлекеттік емтихандары 2–15 маусым аралығында ұйымдастырылады. Түлектер 5 пән бойынша қорытынды аттестаттаудан өтеді.

Қазақстан тарихы – 2 маусым (ауызша)

Алгебра және анализ бастамалары – 5 маусым (жазбаша)

Оқыту тілі (қазақ тілі/орыс тілі) – 9 маусым (жазбаша)

Қазақ тілі мен әдебиеті/орыс тілі мен әдебиеті – 12 маусым (жазбаша)

Таңдау пәні – 15 маусым (жазбаша)

Қазіргі уақытта барлық білім беру ұйымдарында қорытынды аттестаттауды талапқа сай өткізу бағытында дайындық жұмыстары жүргізілуде. Емтихандардың ашық, әділ әрі ұйымдасқан түрде өтуі — басты назарда.

Оқу жылының аяқталуына байланысты барлық білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше мән беріліп отыр.

Осыған байланысты мектеп бітіру іс-шараларын мейрамханаларда, кафелерде, банкет залдарында, табиғат аясында немесе демалыс базаларында өткізуге жол берілмейді.

Сондай-ақ таңды қарсы алу, алау жағу, аниматорлар мен мерекелік агенттіктерді тарту, мерекелік дастархан ұйымдастыру және автокортеждер өткізуге тыйым салынады.

Ата-аналардан немесе заңды өкілдерден қаражат жинауға, түрлі сыйлықтар талап етуге де жол берілмейді.

Бұл талаптар оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, олардың құқықтарын қорғауға және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған.

Аттестат тапсыру рәсімдері 18 маусым күні тек білім беру ұйымдарының ғимараттарында өткізіледі. Мектептен тыс жерде бітіру кештерін ұйымдастыруға рұқсат етілмейді.

Білім алушылардың киім үлгісі мектеп формасына сәйкес болуы қажет. Ерекше сәнді киім үлгілеріне жол берілмейді.

Бұл оқушылар арасында әлеуметтік теңсіздік, дискриминация  болмауы үшін және ата-аналардың артық шығын жұмсамауы мақсатын көздейді. Осыған ата-аналар назарын аударғымыз келеді.

Биыл облыс оқушылары оқу жылын жақсы нәтижелермен аяқтап отыр.

Халықаралық олимпиадалар қорытындысы бойынша 9 оқушы жеңімпаз атанды. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадада 60 оқушы жүлделі орын иеленсе, ғылыми жобалар конкурсында 24 оқушы үздіктер қатарынан көрінді.

Облыс командасы «Ең үздік олимпиадалық команда» атанып, ІІ және ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды.

Ал Бөкей ордасы ауданындағы Мәншүк Мәметова атындағы жалпы орта білім беретін мектебінің 10-сынып оқушысы Анида Ахметкереева «Үздік ауыл мектебінің оқушысы» атанды.

Балалардың техникалық және шығармашылық қабілеттерін дамыту бағытындағы жұмыстар да жүйелі жалғасуда.

Облыстық балалар техникалық шығармашылық орталығының тәрбиеленушілері халықаралық деңгейде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.

Оқушылар роботтық техника, бағдарламалау және авиа-дрон технологиялары бағытында табысты өнер көрсетуде.

Атап айтқанда, облыс оқушысы Алихан Нсанбаев АҚШ-тың Чикаго қаласында өткен халықаралық дрон жарысында екі мәрте ІІ орын иеленсе, Сауд Арабиясындағы халықаралық байқауда да жүлделі нәтиже көрсетті.

Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы Шанхайда өткен FAI World Drone Soccer Championships әлем чемпионатында әлемнің үздік 5 командасының қатарына енді. Қазақстан құрамасы Сингапур құрамасын жеңіп, турнир сенсациясына айналды.

Қаскелең қаласында өткен «Aspan Fest» ұлттық чемпионатында облыс командасы дрон-футболдан І орын алып, әлем чемпионатына жолдама жеңіп алды. World Robot Olympiad-2025 республикалық кезеңінің қорытындысында облыс оқушылары халықаралық кезеңге жолдама алды.

Сондай-ақ биыл Орал қаласында облыс әкімінің қолдауымен қаржы бөлініп, тұңғыш рет  өткен тұңғыш рет ұйымдастырылған Kazakhstan Drone Cup республикалық жарысына еліміздің 9 өңірінен 90 қатысушы қатысты. Жеңімпаздар халықаралық жарыстарға қатысу мүмкіндігіне ие болды.

Қазіргі таңда облыста 35 колледж жұмыс істейді. Оның 26-сы — мемлекеттік, 9-ы — жекеменшік колледждер.

Колледждерде 15 мыңнан астам студент білім алуда. Оның ішінде 10 мыңнан астамы, яғни 69 пайызы мемлекеттік тапсырыс негізінде оқиды.

Кадр даярлау 71 мамандық пен 112 біліктілік бойынша жүргізілуде.

Алдағы оқу жылына өңір экономикасына қажетті мамандықтар бойынша 4 мың мемлекеттік білім беру грантын орналастыру жоспарланып отыр.

Колледждерге құжат қабылдау 25 маусымда басталады.

Талапкерлер құжаттарды Egov.kz порталы немесе SmartNation платформасы арқылы тапсыра алады.

Педагогикалық, медициналық және шығармашылық мамандықтарды қоспағанда, қабылдау емтихандары өткізілмейді. Конкурс аттестаттағы міндетті және бейіндік пәндердің орташа балы негізінде жүргізіледі.

Биыл 4 колледж жаңа мамандықтар бойынша лицензия алды. Атап айтқанда:

– «Роботтық техника және кіріктірілген жүйелер»;
– «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану»;
– «Киім дизайны»;
– «Логопедия» мамандықтары ашылды.

Барлық талапкерлерге ақпараттық жүйелер арқылы кәсіби диагностикадан өту мүмкіндігі ұсынылады. Бұл талапкерлерге мамандық таңдауда бағыт-бағдар беруге арналған.

Биыл облыс педагогтері де жоғары нәтижелерге қол жеткізді.

2025–2026 оқу жылында республикалық байқаулар мен конкурстарда 112 педагог жүлдегер атанды. Оның ішінде 30 педагог — І орын, 35 педагог — ІІ орын, 47 педагог — ІІІ орын иеленді.

Педагогтер «Педагогикалық идеялар фестивалі», «Үздік авторлық бағдарлама», «Дарынды балаларға – талантты ұстаз», «Алтын тұғыр», «Педагогикалық идеялар панорамасы» секілді беделді республикалық байқауларда жоғары нәтиже көрсетті.

«Олимп шыңы» пәндік олимпиадасында 5 педагог І орын жеңімпазы атанды.

Командалық есепте облыс педагогтері «Математикалық регата» мен «Алтын тұғыр» олимпиадаларында жүлделі орындарға ие болды. Педагогтердің кәсіби шеберлігін анықтауға бағытталған республикалық «Үздік педагог» конкурсында да нәтижеміз айтарлықтай өсті. Егер 2024 жылы бұл атақты 2 педагог иеленсе, биыл олардың саны 5-ке жетті.

2025–2026 оқу жылында облыста білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жаңарту бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасты.

«Желкен» қорының қолдауымен 71 мектепте 2,1 млрд теңгеге 143 заманауи пәндік кабинет жабдықталды. Оның ішінде STEM, ғылыми және цифрлық бағыттағы кабинеттер бар.

«Қазақстан халқына» қоры есебінен 4 тірек мектепте 1 млрд теңгеге 48 заманауи кабинет ашылды. Реновация бағдарламасы аясында 6 мектепте

  1. Шыңғырлау ауданы Л.Қылышев мектебі
  2. Ақжайық ауданы Махамбетов мектебі
  3. Казталов ауданы Қараөзен ектеп-лицейі
  4. Жаңақала ауданы Д.Нұрпейісова мектебі
  5. Бәйтерек ауданы Белес мектеп- балабақша
  6. Сырым ауданы Жұмағалиев мектебі

күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталды.

Нәтижесінде физика, химия, математика, STEM және алғашқы әскери дайындық кабинеттері жаңартылып, мектептердің жиһаздары, кітапханалары мен асханалары заманауи талапқа сай жабдықталды.

Биыл облыстың бірнеше ауданында 7 шағын жинақты мектептің құрылысы басталды.

  1. Жәнібек -108 орын
  2. Ұзынкөл-108 орын
  3. Кеңсуат-60 орын
  4. Сәуле- 108 орын
  5. Озерное- 108 орын
  6. Құспанкөл-60 орын
  7. Айнабұлақ — 60 орын

Бұл ауылдық елді мекендердегі балаларға сапалы әрі қолайлы білім алуына мүмкіндік береді.

Жалпы, өңірде білім беру инфрақұрылымын дамыту, материалдық-техникалық базаны жаңарту және оқушылар үшін қауіпсіз, заманауи білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады.

Осы орайда барша педагогтерді, ата-аналарды және оқушыларды оқу жылының сәтті аяқталуымен құттықтап, түлектерге алдағы емтихандарда сәттілік тіледі.

Оставьте ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *