Батыс Қазақстан облысында шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда

Осыған орай, облыс әкімінің 2026 жылғы 16 қаңтардағы №17-ө өкіміне сәйкес құрылған арнайы жұмыс тобы өңір кәсіпкерлерімен кездесулер өткізіп, мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кең көлемде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
2026 жылдың 20 сәуірі күні жұмыс тобы Тасқала ауданы және Бәйтерек ауданы аумақтарына іссапармен барып, жергілікті кәсіпкерлермен кездесулер өткізді. Кездесулердің басты мақсаты – шағын және орта бизнес субъектілеріне қолжетімді мемлекеттік бағдарламалар мен қаржылық қолдау құралдары туралы жан-жақты ақпарат беру, сондай-ақ кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін тыңдау болды.
Жұмыс тобының құрамына мемлекеттік мекемелердің өкілдері Батыс Қазақстан облысы кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасынан, Ауыл шаруашылығы басқармасынан, Батыс Қазақстан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан, БҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінен, сондай-ақ ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Батыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінен өкілдері қатысты.
Сонымен қатар, жұмыс тобының құрамында қаржылық институттардың өкілдері – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Батыс Қазақстан облысы бойынша аймақтық филиалы, «ҚазАгроҚаржы» АҚ БҚО филиалы, «Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқармасы, сондай-ақ «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ БҚО бойынша филиалы болды.


Кездесу барысында кәсіпкерлерге жеңілдетілген несиелеу, субсидиялау, кепілдендіру тетіктері, салықтық жеңілдіктер мен әкімшілік рәсімдерді оңайлату бағытындағы жаңашылдықтар кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға нақты жауаптар беріліп, кәсіп ашу және оны дамыту барысында туындайтын кедергілерді шешу жолдары талқыланды.
Осындай іс-шаралар өңірдегі кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін күшейтуге және бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да арнайы жұмыс тобының өңір аудандарында осындай кездесулер өткізуі жоспарланып отыр.

Оставьте ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *