
Қазақ баласы үшін «Жер-Ана» ұғымы жай ғана географиялық кеңістік емес, ол – рухтың бесігі, тарихтың куәсі және келер күннің кепілі.
Бүгінде мемлекеттік дамудың алтын арқауына айналған экологиялық саясат – бабалар аманаты мен замана талабының тоғысқан түйіні. Ал тұмса табиғатты қорғауды конституциялық деңгейге көтеру – ұлттың өзін-өзі сақтау инстинкті мен болашақ алдындағы жауапкершілігінің көрінісі. Елде «Таза Қазақстан» бағдарламасынан бастап, ауқымды көгалдандыру, орман отырғызу, саланы цифрландыру жүйелі жүзеге асырылып жатыр. Ал биылғы сәуірде Өңірлік экологиялық құрылтай өткізілмек.
Конституция – қоршаған ортаның қорғаны
Биылғы 15 наурызда жалпыхалықтық референдумға ұсынылатын Қазақстан Конституциясының жаңа жобасы мемлекетшілдік пен ұлтжандылықтың жаңа белесін айқындап бермек. Оның кіріспесінде, яғни төрінен экология мәселесіне үлкен орын берілген. «Біз, біртұтас Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілікті нығайта отырып, Ұлы даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтастығын сақтап, мемлекеттің унитарлы сипатын, оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға болмайтынын нақтылап, Әділетті Қазақстан идеясын және «Заң мен тәртіп» қағидатын ұстанып, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары мүлтіксіз сақталатынын мәлімдеп, бірлік пен ынтымақ, этносаралық және конфессияаралық татулық қағидаттарына сүйеніп, мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарын бағдарға алып, табиғатты аялау қажеттігін мойындап, бейбітшілікке және барлық елмен достыққа ұмтылып, келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезініп, Қазақстан Республикасының Ата Заңын – осы Конституцияны қабылдаймыз», – делінген жобада.
Сонымен қатар оның 37-бабында, біріншіден, «Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғи байлыққа ұқыпты қарауға міндетті» деп белгіленген. Екіншіден, «Мемлекеттің адамның өмiр сүруiне және денсаулығына қолайлы болатын қоршаған ортаны қорғауды мақсат ететіні» бекітілмек. Үшіншіден, «Адам өмiрi мен денсаулығына, қоршаған ортаға қатер төндiретiн фактілерді, мән-жайларды лауазымды адамдардың жасыруы заңға сәйкес жауаптылыққа алып келетіні» нықталды. Осылайша, экологиялық қауіпсіздік конституциялық басымдық ретінде бекітіледі.
– Жаңа Конституция жобасында қоғамның басты сұраныстарының бірі – адамның өмірі мен денсаулығына қолайлы қоршаған орта құру және табиғатқа жанашырлықпен қарау сияқты іргелі қағидатты енгізу болды, – деп атап өтті Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр.
Алайда конституциялық басымдықтың өмірде жүзеге асуы үшін қандай нақты іс-шаралар қабылданады? Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың мәліметінше, министрлік бұл жұмысты бірден бірнеше бағытта іске асырып жатыр. Оған қоршаған ортаның жай-күйін бақылау, қалдықтарды басқару және шығарындыларды мониторинг жасау, орман өрттерінің ошақтарын дер кезінде анықтау, орман ресурстарын есепке алу және ұлттық парктерге келушілерді бақылау бағытында цифрлық жобалардың кешенін іске асыру кіреді.
Президент сондай-ақ 2 млрд түп ағаш отырғызу және орман алқаптарының аумағын 14,5 млн гектарға жеткізу бойынша ауқымды міндет қойғаны белгілі. Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиевтің айтуынша, Мемлекет басшысының осы тапсырмасын орындау үшін 2025 жылы мемлекеттік орман қоры аумағында, 337,8 мың гектар алқапта жоспарланған 370,7 млн көшеттің орнына 497,9 миллион бірлігі отырғызылды. Жоспар 35%-ға артық орындалды. Елді мекендерде былтыр 3,8 млн ағаш егілген.
Әйткенмен, Экология министрі арқаны кеңге салуға болмайтынын, себебі оң динамикаға қарамастан, Қазақстанда жердің тозуы және шөлейттену мәселелері өзекті күйінде қалып отырғанын ескертті. Бұл проблеманы шешу үшін жел эрозиясын азайту, құмдарды бекіту және жайылымдарды қалпына келтіру мақсатында қорғаныш орман белдеулері мен тосқауылдық екпелер жүйесін құру көзделген.
