Мектеп асханаларының жұмысы қандай деңгейде?

«Nur Otan» партиясының мектеп асханаларының жұмысын мониторингілеу жобасы осы мәселені қатаң бақылауға алған. Басты мақсат — оқушылардың дұрыс тамақтануын, өмір қауіпсіздігін қадағалау.

Осы аптаның сәрсенбісінде «Nur Otan » партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Дәулетжанов бастаған Оралдағы мониторинг жүргізу тобының мүшелері қаладағы №1 және №43 орта мектептерде болды. Алдымен «Гусманова» ЖК жалға алған ЖББ №1 орта мектептегі асхананың жай-күйімен танысты. Бастауыш сынып оқушыларының тамақтану сәтіне куә болған жұмыс тобы беріліп жатқан ас-ауқатты да өз көздерімен көрді. Алайда мектеп асханасында сол күнгі ас мәзірі мен буфетте сатылатын өнімдер тізімі ілінбепті. Абыр-сабыр күйге түскен мектеп мұғалімдері мен асхана қызметкерлері мұның себебін көктемгі демалыстан кейінгі жұмыстың алғашқы күнімен байланыстырды. Мектеп басшылығының мәліметінше, бір күнде мектеп асханасынан 473 бастауыш сынып оқушысы, 52 аз қамтылған отбасылардың балалары тамақтанады.

500-дей оқушы білім алатын №43 орта мектептің асханасын көп жылдан бері жеке кәсіпкер Абат Киматов жалға алып келеді екен. 199 бастауыш сынып және 37 көпбалалы отбасылардан шыққан шәкірттерді тамақтандыратын кәсіпкер қосымша әлеуметтік жағдайы төмен жанұялардың ұл-қыздарына қайырымдылық танытып, тегін ауқаттандыратынын білдік.

Мектеп медбикесі Тыныштық Жұмашева:
«Асханадағы тамақ мәзірін күнделікті бақылап тұрамын. Ас мәзірінен ауытқушылық болмайды. Тазалық мәселесі де — басты назарда», — деді.

Мониторинг мүшелері қос білім ордасындағы асханаларды жалға алған кәсіпкерлердің құжаттарын, тізімделген өнімдерін, болуы тиісті жабдықтарды да түгендеді.

«Nur Otan » партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аталған мониторинг тобының мүшесі Мұхтар Дәулетжановтың айтуынша, топтың құрамына партия қызметкерлері, депутаттар, ата-аналар комитетінің өкілдері, медицина саласының мамандары кіргізілген.

«Биылғы жыл басынан бері оннан астам мектептің асханасына қоғамдық бақылау жүргіздік. Бақылау барысында топ мүшелері балалар тамақтанатын мектеп асханаларындағы түрлі келеңсіздіктердің куәсі болды. Алайда мұны тексеріспен шатастыруға болмайды. Сол себепті орын алған сәйкессіздіктер туралы қалалық білім беру бөлімін, басқа да құзырлы мекемелерді ақпараттандырамыз. Бір аптадан соң сол асханаға тағы бір мәрте бас сұғып, жағдайдың қаншалықты дұрысталғанын бақылаймыз», — деді Мұхтар Серікұлы.

Партиялық жоба аясындағы қоғамдық бақылау шаһардағы өзге мектептердің асханаларына да жүргізілуде.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *