Снежанна Имашева: Конституцияның Преамбуласы — Негізгі заңның идеялық-моральдық өзегі

Конституциялық комиссияның екінші отырысында реформалар жөнінде келіп түскен ұсыныстар талқылануда Астанада Конституциялық комиссияның екінші отырысы өтуде. Іс-шара конституциялық реформаға байланысты келіп түскен ұсыныстарды талқылауға арналды. Комиссия жұмысы ашықтық пен жариялылық қағидаттарына негізделген, ал талқылаудың барлық кезеңдері жұртшылық үшін тікелей эфирде көрсетілуде. Отырыстың модераторы, Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының төрайымы Эльвира Азимова Комиссияға екі мыңнан астам ұсыныс келіп түскенін, олардың барлығы біртұтас Жинақталған кестеге топтастырылғанын атап өтті. Оның айтуынша, азаматтар мен сарапшылардың белсенді қатысуы конституциялық өзгерістердің қоғамдық маңызын және реформаға деген жоғары қызығушылықты айқын көрсетеді.

«Мұндай диалог форматы реформаның негізгі қағидатын көрсетеді: конституциялық реформа ең алдымен халықтың мүддесі үшін және оның тікелей қатысуымен жүргізіледі», — деді Эльвира Азимова.

Отырыс аясында үш негізгі спикердің баяндамалары тыңдалады — әділет министрі Ерлан Сәрсембаев, Сенат депутаты Нұрлан Бекназаров және Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева. Олар 2025 жылдың қазан айынан бастап түскен ұсыныстар негізінде әзірленген құқықтық тәсілдер мен түзетулерді ұсынады.

Конституциялық комиссияның екінші отырысында Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі ұсыныстарды кезең-кезеңмен талқылау басталды. Отырыстың барысында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Снежанна Имашева бірінші отырыс қорытындысы бойынша дайындалған салыстырмалы кестені таныстырып, Преамбула мен 1–39 баптарды жүйелі түрде қарауды ұсынды.

Ұсынылған өзгертулер конституциялық құрылымның негіздерін нақтылау және нығайтуға, нормалардың құқықтық анықтығын арттыруға, сондай-ақ құқық қорғау механизмдерін күшейтуге бағытталғаны айтылды. Арнайы назар Преамбуланың мән-мағынасына және қазіргі әлеуметтік үрдістерді ескере отырып, конституциялық нормаларды жаңарту қажеттілігіне аударылды.

«Конституцияның Преамбуласы — бұл тек кіріспе емес, Негізгі заңның идеялық-моральдық өзегі, мақсатты айқындайтын және мемлекеттің даму бағытын белгілейтін негізгі бағдар», — деді Снежанна Имашева.

Одан кейінгі талқылау Конституцияның I және II бөлімдеріндегі нормаларға қатысты болды, соның ішінде құқықтық және зайырлы мемлекет принциптерін бекіту, адам қадір-құқығын, өмір сүру құқығын, жеке еркіндік пен тұлғаның қауіпсіздігін қорғау, сондай-ақ жеке өмір мен жеке деректерді қорғау мәселелері қаралды. Сонымен қатар конституциялық принциптердің нормативтік мәртебесін күшейту және олардың практикалық қолданылуын қамтамасыз ету жөніндегі ұсыныстар талқыланды.

«Ұсынылып отырған өзгерістер конституциялық нормалардың қолданылу тиімділігін арттыруға және олардың түсіндірілуіне біртұтас тәсіл қалыптастыруға бағытталған», — деп айтылды отырыс барысында.

Сонымен қатар, адами капиталды, білім беруді, ғылым мен мәдениетті дамыту, әлеуметтік кепілдіктерді күшейту, қоршаған ортаны қорғау және отбасының құқықтарын сақтау сияқты бастамалар қаралды. Ұсыныстарды қарау кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады және Конституциялық комиссияның келесі отырыстарында жалғасады.

Оставьте ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *