2024 жылдың 22 шілдесінен бастап Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов денсаулық жағдайына байланысты өз еркімен жұмыстан босатылды. Ол бұл қызметке 2022 жылдың 26 сәуірінде тағайындалған болатын. Екі жылдан астам уақыт шаһар басшысы болған Миржан Сатқанов қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында бірқатар жобаларды жүзеге асырып, барлық бағыттар бойынша өсудің оң динамикасына қол жеткізді.
М.Сатқанов қала әкімі болып тағайындалған кезде қалалық бюджеттің өзіндік кірісі 20 млрд теңгені құраса, 2023 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 39 млрд теңгеге жетті. Яғни, қалалық бюджетке кіріс екі есе ұлғайды.
Кейінгі екі жылда Оралда құны 27,3 млрд теңге болатын 50 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Бұл 400-ге жуық жаңа жұмыс құруға мүмкіндік берді.
Миржан Сатқанов қаланы басқарған уақытта жол құрылысына ерекше көңіл бөлді. Екі жылда қалада 80 шақырымнан астам жол жөнделді. Нәтижесінде жақсы және қанағаттарлық жағдайдағы жолдың үлесі 65 пайыздан 77 пайызға жетті. Осы ретте оралдықтар жиі көтерген қаладағы негізгі көшелердің жол мәселесі шешімін тауып, Әбілқайыр хан даңғылы және Шолохов көшесі жөндеуден өтті.
Халықты қолжетімді баспанамен қамту үшін 2022 жылдан бастап қалада мемлекеттік бағдарламалар арқылы 9 көппәтерлі үйдің құрылысы аяқталды. Барлық пәтерлер «Отбасы банк» АҚ салымшыларына жеңілдетілген несиемен және тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға берілді.
Миржан Сатқанов қаланы басқарған кезеңде Ақжайық шағын ауданының құрылысы қарқын алды. Мұнда 4 үйдің құрылысы аяқталса, қазір тағы 8 үй және бірнеше әлеуметтік нысан салынып жатыр. Шағын ауданда жоспарланған 27 шақырым ішкі орам жолдарының 10 шақырымы аяқталды. Сондай-ақ қажетті инженерлік желілермен қамтамасыз ету мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда.
Кейінгі жылдары автобус паркін жаңарту мәселесі жолға қойылды. 2022 жылдан бастап 172 бірлік автобус алынып, нәтижесінде кейінгі екі жылда қалалық автобус паркі 50 пайызға жаңарды.
Оралдықтарды су, жарық, жылу сияқты негізгі коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету мақсатында маңызды жобалар жүзеге асты. Жылу электр орталығын жаңғырту үшін жаңа градирня және қазандықтар салу, жылу құбырларын ауыстыру сияқты бірқатар кешенді іс-шаралар жүргізілді. Сумен жабдықтау жүйесіне де көңіл бөлініп, жаңа 6 су жинау ұңғымасы салынды және 16 ұңғыма жөндеуден өтті. Сондай-ақ 2022 жылы №19 кәріз-сорғы станциясы реконструкциядан өтсе, қазір тағы үш КСС-да жаңғырту жұмысы жүргізіліп жатыр. Қаладағы электр станциясының тозуын азайту бағытында кейінгі екі жылда 150 шақырымға жуық электр желісі ауыстырылды. Бұдан бөлек, инженерлік және коммуналдық желілерді жаңарту мақсатында 20-дан астам жоба дайындалды. Алдағы уақытта бұл жобаларды жүзеге асыру арқылы қаладағы апаттық жағдайларды едәуір азайту көзделген.
Миржан Сатқанов жайлы қалалық ортаны құру үшін абаттандырылған демалыс аймақтары мен аулалардың санын арттыру мәселесіне де ден қойды. Ол әкім болған кезеңде шаһар аумағында 64 аула кешенді абаттандырылып, 4 жаңа демалыс аймағы пайда болды. Қаланың солтүстік-шығыс бөлігінде «Жасыл желек бульвары» салынса, Зашаған кентіндегі Орал-Саратов тас жолының бойында жаңа бульвардың құрылысы аяқталып келеді.
Сондай-ақ соңғы екі жылда 20-ға жуық көше жарықтандырылып, 75 көпқабатты тұрғын үйлер мен нысандарға сыртқы және сәулеттік жарықтандыру құрылғылары орнатылды. Соның ішінде Әбілқайыр хан даңғылын, Зашаған кентіндегі Брусиловский көшесін жарықтандыру сияқты ірі жобалар жүзеге асты.
Қазіргі өзекті мәселелердің бірі — қаланың функционалдық аймақтарын сәйкестендіру. Осыған орай, қаламыздың бас жоспарын түзету жұмысы 2023 жылдың сәуір айында басталып кетті. Жаңа бас жоспарға қаламызға іргелес жатқан елді мекендер (Серебряков, Деркөл, Ветелки және т.б.) енгізіледі.
2022 жылы азаматтарға жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін беру бойынша жұмыс басталды. Осы мақсатта қазір Круглоозерный кенті аумағынан 632 жер учаскесі берілді.
Халық саны көбейген сайын әлеуметтік нысандарды, соның ішінде жаңа мектептерді салудың өзектілігі артады. Қазіргі уақытта Оралда «Жайлы мектеп» жобасы аясында Зашаған кентінде 2 мектеп, Деркөл кентінде 1 меткп салынып жатыр. Жалпы 2026 жылға дейін аталған жоба аясында 10 мың орынға арналған 9 мектептің құрылысы көзделген.
Биыл қалада бірнеше білім және мәдениет ошақтары күрделі жөндеуден өтіп жатыр. «КПО б.в.» компаниясының әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобасы аясында ғимараттары ескірген «Жастар мәдениет сарайы», «Деркөл мәдени-демалыс орталығы», №9, 11, 17 мектептер және Дина Нұрпейісова атындағы балалар саз мектебі жөнделуде.
Қала әкімімен кездесулерде тұрғындар Зашаған кентінде бірде-бір мәдениет үйінің жоқтығын айтып, бірнеше рет мәселе көтерген-ді. Бұл мәселе 2022 жылы шешімін тауып, кентте жаңа «Алтын орда» мәдениет үйі қолданысқа берілді. Оралда кейінгі жылдары аула клубтары заманға сай өзгеріп жаңартылып, комьюнити-орталық ретінде ашылуда.
Өткен жылы 10-шағын ауданда оралдықтардың спортпен шұғылдануына үлкен мүмкіндік беретін көпбейінді спорт аренасының құрылысы басталды. Зәулім спорт сарайының әртүрлі деңгейдегі жарыстарды қабылдауға әлеуеті жеткілікті болады.
2023 жылы «Қамқор» белсенді ұзақ өмір орталығы ашылды. Аға буын өкілдерін, зейнеткерлерді қоғамның мәдени өміріне, дене шынықтыру мен спортқа тарту, ішкі шығармашылық әлеуетін іске асыру мақсатында жұмысын бастаған орталықта қазір 800-ге жуық тұрақты қызмет алушы бар.
Биыл қаламызда төтенше жағдай орын алып, оралдықтар су тасқынына қарсы күрескені белгілі. Осындай қиын кезеңде қала әкімі күні-түні су тасқынына қарсы шараларды ұйымдастырып, барлық күшті қаланы табиғи апаттан қорғап қалуға жұмылдырды. Оның басшылығымен су басу қаупі жоғары аудандарда 45 шақырым бөгеттер мен қорғаныс үйінділері салынды. Эвакуациялық пункттер ұйымдастырылып, үйін су басқан отбасыларға алғашқы қажетті көмек көрсетілді. Миржан Сатқанов су тасқынынан кейін де оның салдарын жою жұмысын жүйелендірді. Қазір су тасқынынан зардап шеккен 1 000-нан аса отбасыға тұрғын үй берілді, 484 отбасыға үйін жөндеуге қаражат бөлінді, 10 516 отбасыға барлығы 3,9 млрд теңге көлемінде біржолғы әлеуметтік көмек берілді және мүлкіне зиян келген 8 584 отбасыға барлығы 3,3 млрд теңге көлемінде төлемақы аударылды.
Бұрыннан халықпен кездесуден қалыс қалмайтын әкім ретінде Миржан Сатқанов қаланың барлық ауданын бірнеше рет аралап, 60-тан аса кездесу өткізген. Сонымен қатар апта сайын азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Орал қаласының әкімі ретінде 3000-ға жуық тұрғынды жеке қабылдап, олардың өтініш-тілектерін шешу бағытында жұмыстанды. Миржан Сатқанов тоқсан сайын әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирге шығып, оралдықтардың талап-арыздарына, ұсыныстарына назар салды.