Атқарушылық жазба дегеніміз не ?

Қазақстан Республикасының «Нотариат туралы» Заңының 34-бабында нотариус жасайтын нотариаттық iс-әрекеттер тәртібі көзделген.

Соның ішінде, осы баптың 15-1) тармақшасында атқарушылық жазбаларды жасау қарастырылған.

Нотариустар осы Заңның талабына сәйкес, борышкерден ақшаны өндіріп алу немесе өзге де жылжымалы мүлікті талап ету үшін нотариус тиісті белгі қойылатын, берешекті белгілейтін төлнұсқа құжат көрсетілген кезде бірыңғай нотариаттық ақпараттық жүйе арқылы электрондық түрде атқарушылық жазба жасайды.

1) егер ұсынылған құжаттар берешектің немесе борышкердің өндіріп алушы алдындағы өзге де жауапкершілігінің даусыз екенін растаса;

2) егер талап қою (арыз) құқығы туындаған күннен бастап үш жылдан аспайтын уақыт өтсе, жасалады.

  1. Егер атқарушылық жазба берілетін талап үшін Қазақстан Республикасының заңнамасында өзге ескіру мерзімі белгіленсе, атқарушылық жазба осы мерзім шегінде беріледі.

Атқарушылық жазба жасағаннан кейін нотариус келесі жұмыс күнінен кешіктірмей борышкерге оның көшірмесін табыс етеді немесе жеткізілгенін тіркеуді қамтамасыз ететін байланыс құралдарын пайдалана отырып, борышкердің электрондық пошта мекенжайы бойынша немесе белгілі тұрғылықты (тұрған) немесе тіркелген жері бойынша жібереді.

Егер атқарушылық жазбаның көшірмесі борышкерге:

1) тараптар арасында жасалған шартта көрсетілген электрондық пошта мекенжайына;

2) соңғы белгілі тұрғылықты жері бойынша табыс етілгені туралы хабарламасы бар тапсырысты хатпен жіберілген болса, оның ішінде кәмелетке толған отбасы мүшелерінің бірі, көрсетілген мекенжай бойынша адаммен тұрып жатқан басқа адам алған болса;

3) жеткізілгенін тіркеуді қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдары пайдаланыла отырып жіберілген болса, ол алынды деп есептеледі.

Хабарлама адресатқа, алушыға оны табыс ету мүмкін болмағаны туралы белгісімен немесе оны қабылдаудан бас тартуға байланысты қайтарылған жағдайда, атқарушылық жазбаның көшірмесі тиісті түрде жіберілді деп есептеледі.

Борышкер атқарушылық жазбаның көшірмесін алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде атқарушылық жазбаны жасаған нотариусқа хабарламасы бар мәлімделген талапқа қарсы қарсылығын жазбаша түрде жіберуге құқылы.

Борышкердің қарсылығында мәлімделген талаппен келіспеу себептері қамтылуға тиіс.

Атқарушылық жазбаның көшірмесін борышкерге табыс ету туралы хабарлама келіп түскен кезде және егер белгіленген мерзімде борышкерден нотариусқа қарсылық келіп түспеген жағдайда, нотариус өндіріп алушыға атқарушылық жазбаны береді не оның өтініші бойынша оны тиісті әділет органына не аумақтылығы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасына немесе өндіріп алушы таңдаған жеке сот орындаушысына орындау үшін жібереді.

Өндіріп алушыға берілген немесе жіберілген атқарушылық жазбаның көшірмесі нотариус жүргізетін істе қалады.

Сонымен қатар, атқарушылық жазбаның күшін жою және оған дау айту туындаған жағдайда, нотариус мәлімделген талапқа қарсы қарсылықты алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей атқарушылық жазбаның күшін жою туралы қаулы шығарады.

Атқарушылық жазбаның күшін жою туралы қаулы дау айтуға жатпайды.

Атқарушылық жазбаның күшін жою туралы қаулының көшірмесі шығарылған күнінен кейінгі келесі жұмыс күнінен кешіктірілмей осы Заңның 92-6-бабына сәйкес өндіріп алушыға, борышкерге табыс етілуге немесе жіберілуге тиіс.

Егер жасалған атқарушылық жазба борышкердің қарсылығы бойынша нотариустың қаулысымен күшін жоймаса, оған дау айту сот тәртібімен жүзеге асырылады.

 Ж.Б.Анесова,

Құқықтық түсіндіру жұмысы

 және заңгерлік қызмет көрсету

бөлімінің бас маманы 

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *