Облыс бойынша жалпы ұзындығы 102 шақырым Жайық бойындағы бөгеттер нығайтылды, олардың биіктігі 2-ден 4,5 метрге дейін жетеді.
БҚО әкімі Нариман Төреғалиев өзен бойында орналасқан елді мекендердегі су тасқынының алдын алу жұмыстарын жеке өзі тексеруде. Өңір басшысының кезекті жұмыс сапары Теректі ауданында жалғасты.
Бұл ауданда Жайық өзенінің бойында ұзындығы 14,7 км, биіктігі 2-ден 4 метрге дейін жететін бөгеттер салынды. Теректі ауданында су тасқынының алдын алу жұмыстарына 694 адам, 120 бірлік техника жұмылдырылды.
Облыс әкімі бөгеттерді тұрғызуға атсалысқан әскери қызметкерлермен әңгімелесті. Нариман Төреғалиев аудан әкімдігіне тасқын судың алдын алу жұмыстарына қатысқан әскери қызметкерлердің, еріктілер мен өзге де жандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тамақтану сапасын, әскери гигиенаны қадағалап, қажетті арнайы киімдермен және құралдармен қамтылуын тапсырды.
Айта кетейік, БҚО Теректі ауданында су тасқынына қарсы жұмыстарға Жетісу және Қызылорда облыстарының әскери күштері жұмылдырылды.
БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі