Көктем келіп, айнала өзгеше сұлуланып, жер беті көк кілемге жабылғанда елімізде көктемнің алғашқы күнінде Алғыс айту мерекесі тойланады. Бұл күні Тәуелсіз Қазақстанды құру жолында маңдай терін төккен жандар, сондай-ақ жалпы қазақ жұрты бір – біріне алғыс айтып, құрмет көрсетеді.
Қазақстан халқы бұл мерекені 2016 жылдан бастап атап келеді. Бұл мерекенің басты мақсаты — өскелең ұрпақтың достығы мен бір – біріне деген құрметін арттыру. Қазіргі таңда елімізде 130-ға тарта ұлт пен ұлыс бірлікте, ынтымақта өмір сүруде. Осындай мысалдардың бірі, Қазақстан Республикасының Ұлттық ұлан әскері. Қазіргі таңда Ұлттық ұлан әскер қатарында 60 тан астам ұлт өкілдері қызмет атқарады. Атап айтатын болсақ олар қазақ, орыс, татар, әзірбайжан, грек, қырғыз, украин, өзбек, ұйғыр, тәжік, неміс және тағыда басқа ұлт өкілдері. Олар қазіргі таңда ұлтқа бөлінбей Ұлттық ұлан әскер қатарында өз қызметтерін абыроймен атқарып жүр.
Біздің Ұлттық ұлан әскері – Қазақстан халқы ассамблеясы секілді көпұлтты. Мұнда – қазақ, орыс, өзбек, ұйғыр, шешен, украин, түрік, әзірбайжан, кәріс, тәжік ұлттарының ұлдары бір тудың астында, бір әскери мақсат пен мүдденің аясында, бір үйдің баласындай бірлікпен, Қазақстан халқына және Ұлы Отанға деген шексіз сүйіспеншілікпен қызмет етіп жатыр. Бұл біздің үлкен жетістігіміз. Отанға деген осыншалықты шексіз сүйіспеншілік – елге, тұтас халқымызға, біртұтас ұлтымызға деген патриотизм сезімімен ұштасып жатыр. Патриотизм сезімі – Ұлы Отанымыз тәуелсіз Қазақстанымыздың дамуына үлес қосып, ел мүддесіне қызмет ету. Бұл әрбір әскери қызметшінің ғана емес, әрбір Қазақстан азаматының қасиетті парызы, борышы. Елім деп еміреніп, ел ертеңі мен болашағы үшін, ел азаматтарының бостандығы мен тыныштығы үшін қызмет ету барлық әскери қызметкерлердің, оның ішінде Ұлттық ұлан сарбаздарының ерекше міндеті. Біздер, Ұлттық ұлан жауынгері мұны жақсы түсінеміз. Бұл жолда Ұлттық ұлан әскерінің басшылық құрамы әрдайым үлгі болып келеді. Ол кісілердің әр айтқан сөздері, киім киісі, жүріс-тұрысы, әскери қызметтегі шеберлігі, мақсатқа жету жолындағы табандылығы бәрі-бәрі жас буын әскерилерге үлгі. Ал Ұлттық ұлан әскер қатарындағы кейінгі буын аға бастықтардан тәлім-тәрбие, өнеге алып бүгінгі күнде Ұлттық ұланның абыройын асқақтату мақсатында аянбай еңбек етіп келеді. Ұлттық ұлан әскери қызметшілері күн-түн демей, күннің суығына да ыстығына да, желі мен жаңбырына да қарамай Отанға адал қызмет етіп, елім деп жүрген – нағыз ерлер, батырлар. Осылай елім деп жүрген ерлерге, елі де ерім деп ерлік ісін әрдайым бағалап, абыройын көтеріп, құрметтеп, шексіз қошемет-марапатына бөлеп жүрмек.
Келіп жеткен көктемнің алғашқы мерекесі – Алғыс айту күні барша Ұлттық ұлан жауынгерлеріне құтты болсын. Алдымен ең үлкен алғысты – Қазақстанның ең үлкен байлығы саналатын оның халқына, сол халықты қорғаушы Ұлттық ұлан әскеріне айтқым келеді.
Алғыс айтуға тұрарлық абыройлы қызметтің бірі – әскери қызмет. Әскер – ел тәуелсіздігінің кепілі. Оның халқы мен ел амандығының берік сақшысы, қорғаушысы. Қазақ елінің даласы мен қаласында, тауы мен тасында, көлі мен теңізінде, шекарасында қызмет етіп жүрген әрбір әскери қызметшіге Қазақстан халқы мен бүгінгі және келешек ұрпағының атынан және оның бейбіт те мамыражай өмірі үшін зор алғыс айтуға міндеттіміз. Әскери өмірдің қиыншылығы мен Отанға деген шексіз сүйінпеншілік сезімін ұштастырып, елдің, халықтың, қаланың, көшенің тыныштығын күзетіп жүрген Ұландықтарға да айтар алғысымыз шексіз. Осы тұста Ұлттық ұлан қатарына қосылып, елге қызмет етіп Отанға деген патриоттық сезімді сездіре білгені үшін Ұлттық ұлан құқықтық әскеріне, сол әскердің аға бастықтарына, офицерлері мен сержанттарына, қандай жағдай болмасын сақадай дайын тұратын сарбаздарына шексіз құрметпен зор алғыс білдіреміз. Рахмет саған – туған ел, рахмет саған – ел қорғаны Ұлттық ұлан!
Капитан
Ертуған Әубәкір