Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас мәселесі әрқашан өзекті. Әсіресе, жасөспірімдік кез – бұл барлық отбасы мүшелерін жан-жақты сынайтын, ересектерден даналық пен сауаттылықты талап ететін кезең. Қазір әр ата-ана баламен достық сенімді қалыптастыру күнделікті тынымсыз жұмыс екенін ұғынады.
2018 жылдан бастап Назарбаев Зияткерлік мектептерінде 35-тен астам елде тиімділігін дәлелдеген «Берік отбасы» халықаралық жобасы жүзеге асырылуда. Жобаның басты кейіпкерлері – NIS қауымдастығының жаңа мүшелері – 7-сынып оқушылары және олардың ата-аналары. Тренингтің жеті бөлімі адам өміріндегі ең маңызды құндылықтарға – отбасы құндылығын сақтауға, арманға жетуге, күйзелісті жеңуге, қысымға қарсы тұруға, жақсы жетістік үшін көтермелеуге, «махаббат пен шектеуді» қолдануға, есірткі мен басқа да зиянды нәрселерден сақтандыруға болатынына арналған. Онлайн режимде аталған жоба «Біз – қарапайым отбасымыз» атауымен жалғасын табуда.
Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагог-психологы Ақтоты Қазбекова бәрі қалай басталғанын еске алады. Психологтар мен кураторларды әлемнің үздік университеттері қатарындағы Oxford Brookes University өкілдері Дебби Ален және Линдси Кумбс арнайы оқытқан болатын. Жоба аясында ата-ана мен баланың бір-бірін жақсы түсінуі үшін психологиялық жаттығулар, техникалар, рөлдерге ену үшін арнайы «Ата-ана, ересек, бала» сессиясы өткізіліп, отбасылық өмірден алынған кейстер талданды. Ересектер жағдайды талдауға, балаларды қолдауға және олардың психологиялық жағдайларын білуді үйренсе, жасөспірімдер стрессті жеңуге және достарымен қарым-қатынасты жақсартуға арналған құралдармен танысты.
– Бағдарлама басталғалы біз 100 отбасын оқыттық. Жоба балаларға да, ата-аналарға да толық психологиялық қолдау көрсетуге мүмкіндік берді, – дейді мектептің психолог қызметкерлері.
Ата-аналар бағдарлама арқылы жинақталған тәжірибе балалармен диалог құруға және олардың тілектері мен қажеттіліктері туралы сөйлесуге мүмкіндік бергенін мойындайды. Әсіресе, бұл карантин кезеңінде өте маңыздды болған.
– Ата-ана мен баланың арасындағы дұрыс, сауатты құрылған қарым-қатынас отбасындағы ауа-райына ерекше әсер етеді. Ата-анаға бала тәрбиелеу ісінде қандай тиімді қадамдар жасауы керек, отбасы ережелері мен құндылықтары сияқты тақырыптар біз үшін құнды болды, – дейді 7-сынып оқушысы Нұрдана Махамбеттің анасы Асылзада Машжанова.
Мектепте балаларды тәрбиелеудегі проблемалық мәселелерді шешуде білікті психологиялық көмек көрсетіледі, бұл «Берік отбасы», «Біз – қарапайым отбасымыз»,«Өзгермелі әлемдегі мектеп және отбасы» жобалары және түрлі тақырыптағы вебинарлар сериясы.
Оралдағы НЗМ-нің баспасөз қызметі