Жаңа заң жобасына түсінік жұмыстары қажет

Бүгін «Отбасы» орталығында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық қарсы жаңа заң жобасын талқылау мақсатында отырыс өтті.  Жиынға облыстық мәслихат депутаттары, әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелері, сала мамандары, ата-аналар  қатысты.

Басқосуға келген көпбалалы аналардың ойынша, бұл заңның қабылдануы ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасқа нұқсан келтіруден бөлек, отбасылық кикілжіңді тудырады екен.

—      ­Бізге нақты түсіндіру жұмыстары қажет. Заң мәтінінің қазақша аудармасын қанша оқысақта түсіне алар емеспіз. Осы жерге заңгерлер жиналып, түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін қалаймыз, — деді басқосуға келген ата-аналар бірауыздан.


– Шынын айтқанда бұл жоба әлі де толықтыруды қажет етеді. Бізде ұсыныстарымызды жазбаша түрде тізіп жолдауымыз қажет. Бүгінгі жиналғандағы басты мақсатымыз осы. 2020 жылдың 23 қыркүйегінде Мәжіліс депутаттары «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» және оған ілеспе заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Алайда, сол кездегі жоба мен ҚР Парламенті сайтында қазіргі тұрған жобаның айырмашылығы көп. Арадағы үш ай ішінде қоғамдық ұйым өкілдерінің талқылауы, ұсынысы негізінде жобаға өзгерістер енгізілді. Белсенді ел ағалары заң жобасындағы кейбір баптардың біздің менталитетке келмейтінін, ұлттық дәстүрге кереғар болатынын айтып, қоғамдық пікірлерін білдірді, – деді «Nur Otan» партиясының Батыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Гүлназ Құлжанова.

Сондай-ақ, Гүлназ Құлжанова көптеген желілерде тарап жатқан дүниенің бәрі бірдей дұрыс емес екендігін, заңның жаңа жобасында жоқ бөлімдер («бір жынысты неке», «бала қажеттілігін өтей алмау», «сүндеттеу»)  жайлы айтылған ақпараттар туралы түсінік беріп өтті.

—      Бұл қоғамда қызу талқыланып жатқан мәселе. Осы кезде  «Енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» деген жақсы сөз ойға оралады. Алдағы уақытта ұлттық құндылығымызға қайшы келетін  баптар алынып тасталады деп айтылды. Сондықтан жағдайға байыппен қарауымыз қажет, — деді облыстық мәслихат депутаты Жаңабек Жақсығалиев.

Осы бағытта алдағы уақытта заңгерлердің қатысуымен ата-аналарға кездесулер мен онлайн форматта шаралар ұйымдастырылатын болады.

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *