2021 жылдың 18 қаңтар күні Орал қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімі жедел-іздестіру тобының жедел уәкілдері қалта ұрлығымен айналысқан азаматшаны құрықтады.
Ол қаңтардың сегізінен бастап, кешегі күнге дейін автобустардың ішінде жолаушылардың қалтасына қолын сұғып, ақша, әмияндар, банкомат карточкаларын, жеке бас құжаттарын, өзге де жеке мүліктерді ұрлаған. Оңай олжамен тапқан ақшаларды өз қажетіне жаратқан. Ал, банкомат карточкаларын банкоматқа салып, ақшаларды суырып алып отырған. Гастролер азаматша Орал қаласына келіп, ұрлық жасауды кәсіпке айналдыруды көздеген. Ол 2 апта бойы қалта ұрлығымен айналысқан. Әсіресе, қала орталығында қоғамдық көліктер ішінде ұрлық жасаған. Сол себепті, Абай полиция бөлімі Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 188 бабының 3 бөліміне сай 7 эпизодпен қылмыстық іс қозғады. Эпизод қатары бұдан да көп болуы мүмкін. Күдікті басқарманың уақытша ұстау изоляторына қамалды. Бұрын осындай қылмыстармен істі болып, жауапқа тартылғаны да анықталды. Қалта ұрлығының құрбаны болған тұрғындар болса, басқармаға хабарласуларын сұраймыз.
Орал қалалық ПБ баспасөз қызметі