16 жастағы бойжеткен үш баланы өрттен құтқарып қалды

2020 жылдың 27 қазанында БҚО ТЖ департаментінің дағдарыс орталығында Жәнібек ауданы Жәнібек ауылында шыққан өрт туралы брифинг өтті.

Спикер БҚО ТЖД бастығы генерал-майор Ж.Қ. Жұмашев болды.

2020 жылғы 27  қазан күні сағат 02.12-де Батыс Қазақстан облысы Жәнібек аудандық өрт сөндіру қызметі кезекші-диспетчерлік бөлімінің пультіне Жәнібек ауылы,  Шарафутдинова 5/2 көшесінде жеке тұрғын үй жанып жатқаны жөнінде хабар келіп түскен.

Өрт жұмыстарын барлау кезінде жалпы ауданы 25 шаршы метр құрайтын екі пәтерлі үй жанып жатқаны анықталыпты. Оқиға орнынан үй иесі 1983 жылы туылған әйел адам улы газға улану белгілерімен ауруханаға жеткізілген. Алайда, улы газдан уланған үй иесі есін жимастан, ауруханада көз жұмды.

Ерекше атап өтетін жайт, өрт сөндірушілер оқиға орнына жеткенге дейін жеке тұрғын үйдің терезесінен үй иесінің қызы 2004 жылы туған жасөспірім өзінен кіші 2 сіңлісі мен 1 бауырын терезеден өзі шығарып алған. Өрт сөндірушілер екі пәтерлі үйдің екінші бөлігін өрттен сақтап қалды. Алдын ала болжам бойынша өрт электр жабдығын пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережесінің сақталмағандығынан шыққан болуы мүмкін.

Өрт сағат 03.56-да оқшауланды.

Оқиға орында өрт сөндірушілер өрт қауіпсіздігін сақтау қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

БҚО ТЖД тұрғындарды тұрмыста өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Тұрмыстағы өрттердің негізгі себептеріне халықтың отпен абайсыз қолдануы, пештерді орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзу, электр жабдығын монтаждау және техникалық пайдалану қағидаларын бұзу, балалардың отпен ойнауы, тұрмыстық электр аспаптарын пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзу жатады.

БҚО ТЖД Баспасөз қызметі

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *