Қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, көше қылмыстарының алдын-алу, ұсақ құқық бұзушылықты болдырмауда учаскелік полиция инспекторларының алатын орны ерекше. Солардың бірі-өзіне жүктелген міндеттерін мінсіз атқарып жүрген Абай полиция бөліміне қарасты №1-учаскелік полиция пункітінің учаскелік полиция инспекторы полиция майоры Нұрбек Ғалиасқарұлы Мансұров.
Ол 2001-жылы ішкі істер органына қызметке қабылданды. Сол сәттен бүгінгі күнге дейін азаматтардың қауіпсіздігі мен тыныш, қамсыз өмірі жолында аянбай тер төгіп келеді.
Полиция майоры Нұрбек Ғалиасқарұлы Мансұров үшін алаңсыз демалыс күні деген ұғым жоқ. Орал қаласының орталығындағы Ғабдолла Тоқай көшесінен «Куренная» ауданына дейінгі аралық, Орал мен Шаған өзендері және оған іргелес аумақтар, «Учужный» саяжай қоғамына дейінгі аумақтың тыныштығына жауаптылық Нұрбектің еншісінде. Аптаның сенбі, жексенбі болғанына қарамастан жастардың бас қосатын орындарын көз байланған соң бір барлап қайтады. Күндегі әдеті осы. Ішімдікке салынған жанұя, жеткілікті тәрбие көрмеген, сабаққа бармай ойына келгенін жасайтын балаларды тексеріп шығу да инспектордың атқаратын басым істерінің бірі. Оның үстіне күнбе-күн орын алып жатқан тұрмыстық жанжалдар қаншама. Аймақ тұрғындары мен ірілі-ұсақты орындарды атап айтқанда 2-3 қабатты сауда үйлері мен №1, №38-жалпы білім беретін мектептерді әлсін-әлсін аралап, жағдайын біліп, тоқсан сайын әр ұжымға барып есеп беру міндетін орындайды. Осы аудандағы кешкі мектеп тыңдаушыларының тәртібін, сабақ қалдырмауын мектеп инспекторымен бірлесе үнемі қадағалап отырады. «Стелла» мәңгілік алауы, М.Өтемісов атындағы педагогикалық институты, 11-12 жәйлі көп пәтерлі үйлер аумағында тексереді. Ал, №1-учаскелік полиция пункітінде түнгі сағат он бірге дейін тұрғындардың арыз-шағымдарын қарайды. Өтініштерін қанағаттандырып, тексереді, тәртіп бұзғандарды тезге салады.
Өзіне жүктелген міндеттерді адал атқарып, жауапкершілікті жете сезінетін Нұрбек Мансұров өз бақылауындағы аймақтың барлық тұрғындарын бес саусағындай біледі. Оның жауапкершілігіндегі №1-учаскеде қылмыстардың ашылуы жоғары нәтижеге ие. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығындағы көрсеткіш бойынша тіркелген қылмыстардың көпшілігі ашылды. Оның ішінде 2 денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа зиян келтіру, 2 ұсақ-түйек жымқыру, 3 ұрлық, 1 алаяқтық, 1 зорлау, 1 бұзақылық фактілері ізі суымай ашылды. Тәртіп сақшысы Нұрбек жұмыс істейтін аудандағы қылмыстық оқиғалардың ізі суымай ашылуы жоғары пайызды көрсетіп отыр. Полиция майоры Н.Мансұров осы жылдың жаз айларында саяжайда тұратын тұрғындардың жеке заттарын ұрлау фактілерінің жиі орын алғанын айтады. «Күн жылынғаннан бері саяжай қоғамында 5-6 ұрлық тіркелді. Көп ретте саяжай тұрғындарының жеке заттары ұрланады. Барлығы да ашылды. Саяжай тұрғындарына, өз аумағымыздағы барша азаматтарға үйлерінің есіктерін мұқият кілттеп, дабылдатқыш қондырып, үйден шығарда есік-терезелерін жауып жүрулерін талап етеміз. Сход жиналыстарына қатысқанда түсінік жұмыстарын жүргіземіз»,-дейді Н.Мансұров.
Бойындағы табанды, еңбекқор сынды асыл қасиеттерімен ерекшеленетін Нұрбек Ғалиасқарұлы 2014-жылы «Қала күнінде» Орал қаласының әкімі қолынан «Үздік учаскелік инспектор-2014» дипломын алып, марапатталды. Инспектордың бұдан өзге де БҚО ПД және Орал қ.ПБ бастықтары атынан алған жоғары марапаттары жеткілікті.
Тәртіп сақшысының азаматтардың құқығы мен бостандығын қорғау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы қызметі жемісті бола бермек.
Гүламан Исмагулова,
Орал қ.ПБ баспасөз қызметкері