Жастар арасында ең өзекті тақырыпқа ие болып отырған шоу десек қателеспейтін шығармын. Жақында Айқын газетінің тілшісі Жадыра Аққайыр әпкемнің «Қалаулым қандай бағдарлама?» деген мақаласын оқығаннан кейін менің қызығушылығым ояна түсті.
Бұл қандай ток-шоу, тәрбиелілік мән-мағынасы қайда жатыр деген ой жетегінде жүрген болатынмын. Әлеуметтік желіні ақтарып, «Қалаулым» деп жазғаным сол еді. «Мәди мен Жанерке енді қайта табысады ма?» немесе « Ислам мен Шынар неге ажырасты?» деген мәселелер төңірегінде қызу талқы мен қырық құшақ әңгімеден, ұзын сонар қып айдаладағы қыз бен жігіт үшін экранның бер жағында отырып жазылған посттарды көріп аң-таң болдым. Шын мәнінде шоу болғаны ма?
Бірде студенттер арасында осы мәселені талқылаған кезде екі жікке бөлініп, қызу талас қылғаны есімде. Ең бірінші таң қалған жерім осы шоудың ресми сайтында шоудың мақсаты жазылған екен. «Отбасылық құндылықтарды дәріптейтін, шаңырақ құруды армандап жүрген қыз бен жігіттер үшін біздің жобамыз құшақ жаяды» депті-мыс. Жақсы, шоу болсын бірақ дәл жастарды осындай эфирге шығарып, арзан махаббаттың құрбаны қылғаны көпті қынжылтады. «Махаббат бар жерде машақат бар» демекші, олардың бір саннан келесі санға өткендегі түсініксіз сезімдері мен бір-бірі үшін соншама шу көтеріп айқалайлағаны тамашалап отырған ел арасында наразылық тудырғаны жасырын емес. Қаншама небір түрлі эмоциялар өтіп жатыр, мұны көрген өскелең ұрпақ қандай ой түйеді? «Бізде өз теңімізді осындай бағдарламадан іздеуіміз керек пе?» деген сұрақ туындауы әбден мүмкін. Осының барлығына көреремен көз жұмып отырмауы тиіс деп ойлаймын.
Менің ойымша, бізде мұнан да басқа өзге көтерілетін тақыраптар легі жетерлік. Шоу арқылы танысып, сезімдері шынайылыққа ауып қосылып жатыр дегенді естуіміз сирек. Сондықтан, Қыз Жібек пен Төлегеннің, Қозы мен Баянның адал махаббатын нысанаға ала отырып ұлы сезімді дәріптейтін, бағдарламалардың түрі осындай болып қалмаса екен деймін. Жар іздегенін жар қылып, көрермен алдында еш шіміркенбестен сезімін алаулатқан жастар бағдарламасы «Қалаулымды» сіз қалайсыз ба?
Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ