Кеше Оралда «Азаттықтың ақ таңы» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Ақ Жайықты азулы ақындардың жырына бөлеген дүбірлі айтыстың бас жүлдесі Рүстем Қайыртайға бұйырды.
Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен Жастар жылына орайластырылған шараға Мақсат Аханов (Қарағанды), Рауан Хайдаров (Павлодар), Жандарбек Бұлғақов (Астана), Ержан Әміров (Қызылорда), Жансая Мусина, Мұрадым Мирланов (Орал) сынды азулы айтыскерлер қатысты. Алдымен сөз алған «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер» одағының басқарма төрағасы, ақын Жүрсін Ерман Жайықтағы өнер сайысының ерекшелігіне тоқталса, Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Сейдірұлы қатысушыларға сәттілік тіледі. Ақын Несіпбек Айтұлы бастаған қазылар алқасы әр жұптың өнеріне әділ бағаларын берді.
Жұртшылықты төл өнерімізге сусындатқан республикалық айтыстың бас жүлдесін жеңіп алған алматылық Рүстем Қайыртай бір миллион теңгеге ие болды. Бірінші орынды (700 мың теңге) — қарағандылық Төлеген Жаманов пен алматылық Хазірет Бердіхан, екінші орынды (500 мың) — шымкенттік Біржан Байтуов пен павлодарлық Рауан Хайдаров өзара бөлісті. Ал ақындар айтысының 400 мың теңгелік жүлдесін түркістандық Бекарыс Шойбеков пен астаналық Жандарбек Бұлғақовқа иеленсе, арнайы сыйлықты Сұлужан Таубалды (Алматы), Мейірбек Сұлтанхан (Астана), Әлібек Серғалиевтер (Көкшетау) олжалады. Басқа ақындарға 200 мың теңгеден шабыттандыру сыйлығы берілді.
Кеш соңында ақын Жүрсін Ерман айтысты ұйымдастыруға қолдау көрсеткен Батыс Қазақстан облысы әкімдігіне алғысын білдірді.