Жұмыла жұмыстанып, тасқынның алдын алуға атсалысты

Оралда көктемгі су тасқынының алдын алу бағытындағы дайындық жұмыстары күшейтілуде. Осыған орай бүгін қалада ұйымдастырылған сенбілік жұмыстарын облыс әкімі Алтай Көлгінов пен қала әкімі Мұрат Мұқаев жіті қадағалап, бірқатар ауданды аралап шықты. 

Облыс және қала басшылары көктемде су басу қауіптілігі жоғары Зашаған кентіндегі «Болашақ» шағын ауданында, Облыстық аурухана және «Ет комбинаты» аудандарында және облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылында болды.

Қала әкімдігі ұйымдастырған еңбек шарасына мекеме-ұйым қызметкерлері мен студенттер, еріктілер, тұрғындар атсалысып, жұмыла күш біріктірді. Кәсіпкерлік иелері өздерінің бизнес нысандарының аумағындағы қарды өз күштерімен тазалады. Әсіресе, қаладағы №32 орта мектеп мұғалімдері мен ата-аналарының, орта арнаулы және жоғары оқу студенттерінің белсенділігін атап өтуге болады. Жеке тұрғын үй иелері де қар тазалау жұмыстарынан қалыс қалмай, баспаналарының көктемде суда қалмауына алаңдаушылық танытуда.

«Биыл қар жылдағыдан көп түсті. Біздің ауданға жыл сайын еріген қар суы көп жиналады. Осындай сенбілік ұйымдастырып, тұрғындардың қауіпсіздігін назардан тыс қалдырмаған жергілікті билік өкілдеріне ризашылығым шексіз», — деді «Болашақ» шағын ауданының тұрғыны, зейнеткер Құрманбай Закарин.

Бүгінгі сенбілік жұмыстарына шамамен 10 мың адам қатысып, 500-ге тарта техника тартылды. Нәтижесінде 30 мың текше метр қар шығарылып, 15 шақырым арық қардан тазартылды.

Ләззат ҚАЖЫМОВА,
суретті түсірген Т.ТОҚМАМБЕТОВ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *