БҚО прокуратурасының полиция департаментінде өткізілген заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің көшпелі отырысында осы мәселе талқыланды.
2018 жылы облыс аумағында 36 адам өлтіру мен 17 өлімге әкеп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру қылмыстары тіркелген. Талдау нәтижесі көрсеткендей, әр төртінші қылмыс тұрмыстық жағдайда және бұрын сотталған тұлғалармен жасалса, әр бесінші қылмыс қоғамдық жерлерде орын алған. Адам өміріне қол сұғатын қылмыстардың үштен екісі мас күйінде жасалған.
Адам өміріне қол сұғу қылмыстарының алдын алудың жай-күйі қаралған көшпелі отырыста оның себептерінің бірі – заңнамамен көрсетілген түнгі уақытта алкоголь өнімін сатуға тыйымды сақтамау екені айтылды. Өткен жылы осы талапты орындамаған 76 сауда орындарының иелеріне тиісті лицензияларының қолданысын тоқтата тұрып, барлығы 4,6 миллион теңге әкімшілік айыппұл салынған. Бұрын сотталған тұлғалардың қылмысқа баруының себебі ретінде пробация қызметінің әкімшілік қадағалауды азайтуы көрсетілді.
Полиция органдарының назары профилактикалық іс-шараларды күшейтуге аударылды. Өйткені олардың негізгі күштері мен жұмыстары жасалған қылмысты ашуға бағытталады, ал құқық бұзушылықтардың превенциясы жеткіліксіз. Сондықтан, облыс прокуроры мен полиция департаментінің және басқа да уәкілетті органдарының алдында осы бағыттағы жұмыстың тиімділігін көтеруге қатысты нақты міндеттер айқындалды.