Сенбілікке шығып, таза ауада сергіп қайтыңыз

Осы аптаның сенбісі, яғни 2 наурыз күні Оралда жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылады. Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәжілісінде қала әкімінің орынбасары Сергей Доля мәлімдеді.

«Биыл қардың мөлшерден тыс көп жауғаны белгілі. Бүгінгі таңда «Жайық таза қала» мекемесі қар тазалау жұмыстарымен тәулік бойы айналысуда. Осы аптада да қар толассыз жауып тұр. Қазіргі ең басты міндет — қаланы қалың қардан арылту шараларын күшейту. Соған байланысты алдағы сенбіде меншік түрлеріне қарамастан барлық кәсіпорын-мекеме ұжымдарын сенбілікке шығуға шақырамыз. Оның ішінде әлеуметтік нысандар, мемлекеттік мекемелер, барлық бизнес құрылымдары, пәтер иелері кооперативі, тұрғындар өз аулаларындағы қарды коммуналдық мекеме көліктерінің тасымалдауына ыңғайлы орынға өз күштерімен шығаруы тиіс», — деген шаһар басшысының орынбасары сенбілік шарасында жұмыла күш біріктіруге үндеді.

Абаттандыру ережесіне сәйкес барлық мекеме-ұйымдар өз аумақтарының тазалығына жауапты. Олар өздеріне бекітілген аумақтың қарын өз күштерімен тазалауы тиіс. Ал қарды қала сыртына тасымалдау жұмысын «Жайық таза қала» мекемесі жүзеге асырады.

«Жайық таза қала» ЖШС баспасөз қызметінің мәліметінше, күні бүгін қала аумағынан 760,58 мың текше метр қар шығарылған. Сонымен қатар көктемгі су тасқынының алдын алуға бағытталған дайындық жұмыстары да жүргізілуде.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *