Телефон ұрлығынан өзге қылмыстарға да қатысы болған

«Ақпан айының 19-ында сағат 18.30 шамасында белгісіз біреу Орал қаласының «Медициналық колледж» ауданында кәмелет жасқа толмаған 2001 жылғы жеткіншекке тиесілі «Хуавей лайт» ұялы телефонын күш көрсету арқылы тонап алған» деп хабарлады Орал қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі.

Телефон ұрлаған баукеспе лезде оқиға орнынан бой тасалаған. Қымбат ұялы телефонынан айырылған жәбірленуші полицияға шағымданды. Тонау қылмысын ашу мақсатында Шаған полиция бөлімі криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілдері бірнеше бейнебақылау камераларын мұқият қарап, мүдделі қызметтер шапшаң қимылдады. Жасырынуы мүмкін деген бағыттардың барлығы тексеріліп, жедел іздестіру шаралары барысында қылмысқа қатысты күдікті азамат анықталды.

Шаған полиция бөліміне жеткізілген күдікті телефонға қызығып, оңай олжа табуға ниеттенгенін мойындады. Күдікті 2000 жылы Ақжайық ауданында туған, қазір Оралдағы «Локоматив» саяжайы қоғамында тұрады екен. Қазіргі уақытта 19 жасар бозбала Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 128-бабына сәйкес Орал қаласы полиция басқармасының уақытша ұстау изоляторына қамалды. Шағандық полицейлер жедел іздестіру қызметкерлерінің күдікті тұлғамен жүргізілген жұмыстары нәтижесінде оның қала аумағында жасалған екі қылмысқа және Ақжайық ауданында жасалған тонау ісіне қатысы барлығын анықталды. Тергеу амалдары жүргізілуде. Ұрлыққа дәніккен азамат жәбірленушілердің ұялы телефондарын, әмияндарын, сөмкелерін, өзге де жеке мүліктерін күштеп тартып алған. Адам тонағыш жігіттен тәркіленген заттай дәлелдемелер өз иелеріне кері қайтарылды. Сонымен қатар оның бұған дейін де түрлі қылмыстарға қатысы бары, заң алдында жауапталғаны анықталды.

Шаған полиция бөлімінде Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 191- бабының екінші бөліміне сай төрт эпизодпен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Тонау фактілері бұдан да көп болуы әбден мүмкін. Адам тонау фактісі полиция қызметкерлерінің кәсіби шеберліктері мен жіті қимылдары нәтижесінде ашылып, жәбірленушілер алғыстарын айтты.

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *