Оралда тоғызқұмалақтан чемпионат басталды

Бүгін Оралда тоғызқұмалақтан Батыс Қазақстан облысының жекелей чемпионаты басталды.

Чемпионат тоғызқұмалақтың блиц және классика түрлерінен 17,19,21 жасқа дейінгі жастар мен қыздар арасында өтуде. Жарысқа өңірдің Бөрлі, Жаңақала, Қаратөбе, Сырым, Шыңғырлау, Тасқала аудандарынан және Орал қаласының  командаларынан құралған 130-дан аса спортшы қатысуда.

Жарыстың ашылу салтанатына қатысқан Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жеңіс Нығметуллин қатысушыларға сәттілік тілеп, жыл қорытындысы бойынша тоғызқұмалақтан үздіктерді марапаттады.

2019 жылдың қорытындысында аталмыш спорттан үздік нәтиже көрсетіп, республикалық жарыстардан тоғызқұмалақшылары топ жарған Жаңақала ауданы «Ең үздік аудан» номинациясын иеленді. Ұлттық спорт түрін дамытуда зор үлестерін қосып жүрген Қайрат Шаутенов, Қанапия Қаяпбергенов, Бауыржан Шурин, Айшуақ Атановтар «Жылдың үздік жаттықтырушысы» аталымына лайық деп танылды. Сондай-ақ республикалық чемпионаттарда жеңімпаз атанған жас тоғызқұмалақшылар арнайы алғыс хаттарға ие болды.

Шарада  Қанапия Қарекешұлын зейнеткерлік жасқа толуымен құттықтап, спорт ардагеріне шапан жабылды.

Үш күн бойы жарысқа қазылық ететін бас төреші Дәулет Абдикаримовтың айтуынша, әр жыл сайын кемінде облыстық деңгейде 7-8 чемпионат ұйымдастырылады екен.

Сондай-ақ аталмыш чемпионатта жүлделі орын алған қатысушылар Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық жарысқа жолдама алмақ.

Бүгінгі жарысқа қатысушы Жарасхан Сағынбаев тоғызқұмалақтан Қазақстан Республикасының алты дүркін чемпионы, Чехияда өткен халықаралық жарыстың  жеңімпазы, сонымен қатар Азия чемпионатының күміс жүлдегері. 21 жастағы Жарасханның ұлттық спорт түрімен айналысқанына он бір жыл уақыт өткен.  2017 жылы халықаралық дәрежедегі спорт шебері  атанған. Ол биыл әлем біріншілігіне өтуді басты мақсат еткен.

 Тоғызқұмалақ ойынының төрт мың жылдық тарихы бар. Қазіргі таңда бұл ойын түрі тек біздің елде ғана емес, әлемдік деңгейде дамып келеді. Тоғызқұмалақ ­зияткерлікке баулып қана қоймай, сыни ойлауды қалыптастырады, — дейді Жарасхан Еламанұлы.

Айта кетейік, тоғызқұмалақтан Батыс Қазақстан облысының жекелей чемпионаты 5-7 ақпан күндері облыстық жоғары шеберлік мектебінің спорт залында өтуде.

Гүлзинат ҚИБАТОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *