Нұр-Сұлтан, Алматы мен Орал цифрландырудағы жетістіктері бойынша үздік өңірлердің үштігіне енді. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Министрлік өңірлердің 2019 жылы цифрландыру саласында жүргізген жұмысын бағалаған.
Зерттеуге 14 облыстың орталығы мен республикалық маңызы бар үш қала қатысты. Бағалау “ақылды қалаларға” арналған эталон стандарт негізінде жүргізілді. Ол 11 түрлі бағыт пен денсаулық сақтау, білім беру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, экология, әлеуметтік қорғау және басқа да сфералар бойынша 80 көрсеткіштен тұрады.
Рейтинг жасау кезінде әкімдіктердің мемлекеттік қызмет түрлерін автоматтандыруы, тұрғын үйлерге “ақылды” есептеуіш құралдарының орнатылуы, тіркелген стартаптардың саны, интеллектуал көлік жүйесінің енгізілуі, қоғамдық көліктің бағыт-бағдарын бақылауға арналған қосымшалардың қолжетімділігі және басқа да жайттар есепке алынды.
Рейтингіде Нұр-Сұлтан көш бастады, екінші орынды Алматы, одан кейінгі орынды Орал иеленді. Түркістан, Ақтөбе, Көкшетау және Ақтаудың цифрлану деңгейі төмен болып шықты. Рейтингіні мына жерден көруге болады.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Абылайхан Оспановтың айтуынша, бұл рейтинг өңірлерді цифрландыруға ынталандыру үшін қажет.
“Цифрлық Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы 2 жыл бұрын қабылданып, өңірлерде бірқатар жоба жүзеге асырылды. Әрине, олардың кейбірі тиімді болса, кейбірінің нәтижесі төмен болды. Цифрландыру саласындағы жалпы жағдайды көрсету үшін біз осы рейтингіні әзірледік, – деді Абылайхан Оспанов.
Рейтинг жыл сайын жасалады.