Оқушы қыз анасын қорғаймын деп, адам өлтірген

Бүгін БҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты өгей әкесінің өліміне себепші болған И.Лапина мен оның досы Н.Мақсотты бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Бұл қанды оқиға 2019 жылдың тамыз айында орын алған. Тамыздың 12-сі күні түнгі сағат 00.00 шамасында қала маңындағы Бәйтерек ауданына қарасты Үлкен Шаған ауылында жүрген сотталушы Ирина Лапинаға анасы Вероника Лапина телефон шалып, өзімен бірге тұратын Е.Есқалиев екеуінің арасында жанжал туындағанын хабарлайды. Бұл кезде қыздың қасында досы Нұрхан Мақсот болған. Өгей әкесінің анасын төрт жасар сіңлісімен бірге далаға шығарып жібергенін естіп ызаға булыққан жасөспірім қыз досы Н.Мақсот екеуі жолға шығып, бір сағаттан кейін Лапиндердің Орал қаласындағы Коминтерн ауылындағы жалдамалы үйлеріне жетеді.

И.Лапина анасына зәбір көрсеткен өгей әкесімен жанжалдасып, соққы да сілтеп жібереді. Осы сәтте досына көмектеспек болған Н.Мақсот сөмкесінде жүрген қол орақты (бұл затты жігіт сол күні досына қайтармақ болып алып шыққан екен) алып шығып, оның жүзімен жәбірленуші Есқалиевтің оң иығынан ұрып қалады. Денесіне тиген соққылардан Есқалиев жарақат алады.

Осыдан кейін И.Лапина мен Н.Мақсот қыздың анасы мен сіңлісін сол елді мекендегі таныстарының үйіне апарып тастап, екеуі түнгі сағат 3.00 шамасында оқиға орнына қайтып келеді. Бұл уақытта Е.Есқалиев мас күйінде өз төсегінде ұйықтап жатқан болатын. И.Лапина оны оятып алып, анасынан кешірім сұрауын талап етеді. Мұның соңы ұрыс-керіске ұласып, ашуға булыққан екеу жәбірленушіні әбден соққыға жығады. Қолорақпен, табамен, шәйнекпен, асүй балтасымен басына, денесіне бірнеше мәрте тиген ауыр соққыдан 40 жастағы Е.Есқалиев сол жерде жан тапсырады.

Тергеп-тексеру кезінде қаладағы кешкі мектептің 10-сыныбында оқитын И.Лапина мен оның еш жерде жұмыс жасамайтын 19 жастағы досы Н.Мақсоттың кінәлары толық дәлелденген. Нәтижесінде олар ҚР ҚК-нің 99-бабы, 2-бөлігі, 7-тармағымен, яғни топтасып қасақана адам өлтіру белгілерімен кінәлі деп танылды.

Аталған іс бойынша сотталушылардың жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар, жәбірленуші тараптың пікірі ескеріліп, сотталушылар Нұрхан Мақсотқа – 15 жыл, ал кәмелет жасына толмаған Ирина Лапинаға – тоғыз жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сотталған жігіт өз жазасын – қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде, ал оқушы қыз кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде өтейді.

– Үкім заңды күшіне енбегендіктен, оған заңда көзделген тәртіппен шағым жасалған жағдайда сот шешімінің заңдылығы жоғары тұрған соттармен тексерілуі мүмкін, – деді судья Ш.Зайнуллина.

Осылайша анасын қорғамақ болып, өгей әкесін өлім құштырған оқушы қыз бен оның досына үкім кесілді. Ыза мен ашуға булыққан жасөспірімнің әрекеті қайғылы оқиғамен тәмамдалды.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *