Бүгін Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков қалалық полиция басқармасының жеке құрамымен кездесіп, өткен жылы шаһарда қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында атқарылған жұмыстардан хабардар болды.
Сонымен қатар жиынға қалалық мәслихат хатшысы Аққали Әубекеров, облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Серік Сүйінбаев, қалалық мәслихат депутаты Амангелді Ермекқалиев, білім және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы салаларының өкілдері қатысты.
Қалалық полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полиция майоры Жантемір Иманәлиев 2019 жылдың 12 айында жасалған жұмыстардың қорытындысымен және алдағы мақсат-міндеттермен таныстырды. Алдымен басқарма өкілі осы құрылымдық мекемеге қарасты төрт негізгі бөлімшенің сапалық құрамымен таныстырып, одан әрі қаладағы қоғамдық тәртіпке тоқталды. Есепті мерзімде облыс орталығында тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтар санының 20 пайызға едәуір төмендегені байқалған.
– Олардың негізгі бөлігін, яғни 80 пайызын онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар құрайды. Ал қылмыстың ұрлық, тонау, бұзақылық сынды негізгі түрлері бойынша төмендеу байқалады, – деді Жантемір Таңатарұлы.
Дейтұрғанмен, орын алған қылмыстардың 60 пайызы бөтеннің мүлкін ұрлап кету фактілеріне қатысты екенін жасырмады.
– Осы қылмыс түрін төмендету бағытында бірнеше мәрте ұрлыққа барғандарды оқшаулау шарасы жүргізілді. Жыл ішінде жедел алдын алу шараларын ұйымдастыру барысында он екі тұлға мен бір топ ұсталды. Олар он және одан көп эпизодтық қылмысқа барып, 142 мәрте ұрлық жасаған, – деді басқарма бастығының міндетін атқарушы. Сонымен қатар өзге облыстардан келетін баукеспелер де ұрлық оқиғаларының санын көбейтуде. Былтыр осындай бес тұлға және бір қылмыстық топ қолға түскен. Ал пәтер ұрлығына келсек, тәртіп сақшылары бұл жерде азаматтардың өз мүлкіне деген салғырттығы себеп болатынын алға тартады. Қоғамды алаңдататын тағы бір жайт – алаяқтықтың көбеюі. Соңғы жылдары техникалық мүмкіндіктермен байланысты алаяқтық фактілері өрши түскен. Өткен жылы қолға алынған шаралар нәтижесінде 124 алаяқтық әрекетіне барған сегіз адам жауапкершілікке тартылған. Сонымен бірге оралдық сақшылар отбасылық-тұрмыстық қатынаспен байланысты қылмыстар санын кемітуге де күш салған.
Полиция майоры Ж.Иманәлиев соңғы кездері жиілеп кеткен жол-көлік апаттарын да айналып өтпеді. Айтуынша, қала жолдарында 230 жол апаты орын алған, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 9,5 пайызға көп. Жол-көлік оқиғаларының салдарынан есепті мерзімде 47 адам қаза тапса, 321 тұрғын түрлі жарақаттар алған.
Басқарма өкілінің мәліметінше, бүгінгі таңда жол-көлік оқиғаларының алдын алу және оған жол бермеу бойынша кешенді жоспар жасақталған. Сондай-ақ кадр тапшылығына, криминалдық бөлімге, учаскелік полиция бекеттерінің жағдайы сын көтермейтін ғимараттарына, жол қауіпсіздігі желілеріне байланысты бірқатар кемшіліктер мен түйткілді мәселелерге назар аудартты.
Басқармада жүйелі жұмыстар тындырылғаны баяндамада көрініс тапқанын, алайда алдағы іс-шаралар да ауқымды екенін айтқан қала әкімі Абат Абайұлы:
– Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына полиция қызметкерлерінің де қосар үлесі зор. Мемлекет басшысының Жолдауында қауіпсіздік мәселесіне, ішкі істер органдарының жұмысын реформалауға үлкен мән берілген. Ал полиция жұмысының мәртебесінің жоғары болуы сала қызметкерлеріне байланысты. Халықтың толық сеніміне ие болу керек. Мемлекет тарапынан саланың жұмысын ілгерілетуге жасалып жатқан жұмыстар қоғамдық тәртіпті күшейтуге бағытталған. Ол реформалар өз нәтижесін көрсетуі тиіс, – деген шаһар басшысы облыс әкімі биылғы жылды «Инвестицияға қолайлы жағдай жасау кезеңі» деп жариялағанын мәлімдеді. Бұл ретте облыс орталығы – Орал қаласының инвестиция тарту мүмкіншілігі жоғары болуы тиіс. Мұның өзі қаланың тазалығын, жайлылығын, қауіпсіздігін, экологиялық ахуалын қамтиды. Әр тұрғынмен жұмыс жасайтын полиция қызметкерлері де өңірдің алдағы мақсат-міндетін жүзеге асыруға мүдделі.
Шаһар басшысы қаладағы жол қауіпсіздігі, жүргізушілердің жол ережелерін сақтамауы, қаланы жарықтандыру, автотұрақ мәселесін реттеуге байланысты жайттарға тоқталып, кей жағдайларда тәртіпті қатаңдату керектігін ескертті.
Қалалық әкімдік пен полиция басқармасы қоғамның наразылығын туындататын кей мәселелерді назарға алып, бірлесе жұмыстануға ден қоюда. Соның бірі – жолдағы қауіпсіздік. Полиция қатарына жас мамандарды тарту мақсатындағы іс-шараларды да жергілікті әкімдік бірлесе атқаруға ниетті.
Сондай-ақ қалада қылмыс оқиғаларының саны артып тұрғанына бей-жай қарамай, қылмысы дәлелденген бұзақылар туралы мәліметті халыққа кеңінен таратуды ұсынды
Орал қаласында биылғы алғашқы жыртыжылдықта 200 бейнекамера, 14 интеллектуалды жол қиылысы, көліктің жылдамдығын анықтайтын құрылғылар қойылатыны, 15 мың нүктедегі лампалар жарық диодты шамдармен ауыстырылатыны, ал 40-қа жуық қараңғы көшелер жарықпен қамтылатыны мәлім болды. Сонымен қатар «Қауіпсіз аула», Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту жобалары аясындағы жұмыстар жалғасады.
Абат Абайұлы саладағы түйткілді мәселелерді қаперге алып, олардың шешімін табу жолдарын қарастыратынын айтты. Оған қоса учаскелік полиция инспекторлары қаланың келбетіне нұқсан келтіретін жайттарды назардан тыс қалдырмай, өткен жылдың қараша айынан бері жұмысын бастаған мониторингтік топтың мүшесі ретінде хабарлап отыруы керектігін мәлімдеді.
Жиынды қорытындылаған облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Серік Сүйінбаев қаланың қоғамдық қауіпсіздігін күшейту мақсатында ескерер мәселелерді тізбектей келе, сақшылардың білім-біліктілігін арттыруды күн тәртібінен түсірмеуді міндеттеді.
Ләззат ҚАЖЫМОВА