Қаңтардың 11-інен 12-сіне қараған түні белгісіз тұлға Оралдағы Ықсанов көшесіндегі үйлердің бірінің ауласында тұрған ақ түсті «Фольксваген» маркалы автокөлікті ұрлаған. Бұл факті бойынша жас криминалистер жедел қимылдап, күдіктіні қолға түсірді деп хабарлайды қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі.
Түнде аулаға шыққан иесі темір тұлпарын орнынан таппай қалып, дереу полицияға хабарласқан. Көлік иесі – 1960 жылғы оралдық азаматқа 800 мың теңгеге материалдық шығын келген еді. Оқиға орнына барған Абай Пб жедел тергеу тобы құрамындағы криминалист, полиция лейтенанты Сайын Халықов дөңгелек іздерін алып қайтқан. Одан әрі осы фактіге қатысты жиналған алғашқы материалдар таңертең кезекшілікке түскен Абай Пб криминалисі, полиция лейтенанты Нұрбек Хайырбайға тапсырылады. Жедел уәкілдер күдіктінің ізіне түседі.
Сол күні сағат 15.10 шамасында қалалық полиция басқармасына хабарласқан бір азамат Меңдешов көшесі бойындағы үйдің қасында бөтен мәшине тұрғанын айтады. Мекенжайға барған жедел тергеу тобы ұрланған көлікті сипаттамаларына сай танып, Абай полиция бөліміне жеткізеді. Криминалист Нұрбек Хайырбай көліктің барлық шамдары жанып тұрғанын, есіктері мен жүксалғышы ашық, салон іші шашылып жатқанын байқайды. Салон ішіндегі айнадан саусақ іздерін алып бөлімге келеді. Көп кешікпей Абай Пб криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілдері күдікті ретінде 1994 жылғы Шыңғырлау ауданының тұрғыны Е. есімді азаматты ұстайды.
Жауаптау кезінде ол көлікті емін-еркін алып кеткенін толықтай мойындаған. Оның үстіне криминалист маманның көлік ішінен алған айғақ заттары, іздер дәлел болып, күдіктінің мойындаудан өзге лажы қалмаған. Бір тәулікке жетпес уақытта КПб мен ЖКб инспекторларының кәсіби шеберліктері нәтижесінде қылмыс ашылып, көлік иесіне қайтарылды. Жас маман Н.Хайырбай 2019 жылы Алматы академиясын аяқтап, мамыр айында криминалист лауазымына қызметке кіріскен екен.
– Жас мамандарымыз Н.Хайырбай мен С.Халықов – ізденімпаз қызметкерлер. Үнемі ақыл сұрап, еңбек өтілі мол криминалистермен тәжірибе алмасып жүреді. «Жас келсе іске», демекші, жас мамандардың алған білімдері тәжірибемен ұштасып, бірнеше қылмыс ашылуда, – дейді Орал қалалық ПБ ЖКб бастығы, полиция майоры Аслан Малаев.
«PULS» ақпарат