Мектептегі «Mastership»

Бүгін Оралдағы ЖББ №46 орта мектепте «Көшпенділер рухы» атты шеберлік (Mastership) семинары  өтті. Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбындағы мақаласын кеңірек насихаттауға бағытталған шараға қатысушылар жоғары оқу орындарымен және кәсіпкерлермен бірге ұйымдастырылған тағылымды көрменің куәсі болды.

Қалалық білім беру бөлімінің бастамасымен №46 орта мектеп ұжымы ұйымдастырған шараның мақсаты – қазақ халқының ұлттық дәстүрлерін жаңғырту, жас ұрпаққа кәсіптік білім беруді дамыту, тәжірибе алмасу. Мектептің мәжіліс залында өткен шараның ашылу салтанатында сөз алған қалалық ішкі саясат бөлімінің сектор меңгерушісі Әлібек Молданиязов:

«Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясындағы іс-шаралар барлық білім ошақтарында өтуде. Ең бастысы, ұлттық құндылықтарымызды қастерлеуді, өткенімізді мақтан тұтып, бүгінімізді бағалауды жас ұрпақ санасына ерте жастан сіңіруіміз керек. Бүгінгі жеткіншек ұлы даланың қырларын танып-білумен қатар оны одан әрі дамытуға өз үлесін қосуы тиіс», — деді.

Семинар барысында қатысушылар ат спорты, жануарлар әлемі, зергерлік және бағбандық өнер бойынша дайындалған көрмелерді тамашалап, маңызды мәліметтерге қанықты. Сонымен қатар «Өлкетану» курсы аясында оқушылардың бойына ұлттық құндылықтар дарыту, жылқы шаруашылығы, ұл тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтар жөнінде баяндамалар тыңдап, өзара пікір алмасты.

«Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында «Атқа міну мәдениеті» деген бөлім бар. Бүгін сол бөлімді басшылыққа ала отырып, көрменің бір бөлігін осы тақырыпқа арнадық. Бұған дейін оқушыларымызды қала маңындағы Асан ауылында орналасқан Ұлттық спорт мектебіне алып барған едік. Сол жердегі атбегілерден балалар көптеген қызықты мағлұматтар тыңдады. Алдағы жоспарымыз — мектебімізде атқа міну мәдениетіне байланысты үйірме ашу. Жылқы – қазақтың бағалы қазынасы. Бүгінгі жас ұрпаққа соны меңгертсек, жаһандану деген жөңкілісте ұлттық құндылығымызды сақтап қаларымыз сөзсіз. Көрмені көрушілерге атбегі Ақтілек Сәрсенов Ұлттық спорт мектебі, ат спорты ойындары, жалпы жылқы малы туралы әңгімелеп берсе, қолданбалы өнер шебері Айдынбек Иманғалиев қолөнер бұйымдарын жасау шеберлігімен бөлісті», — деді №46 орта мектептің мұғалімі Ерназар Қисахметов.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *