Елордада Дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясының жаңа басшылары сайланды деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Кеше Нұр-Сұлтан қаласында Дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясының халықаралық конгресі өтті. Әлемнің 27 елінен келген федерация өкілдері жиынында жаңа басшылық сайланды. Осыған дейін федерация президенті болған Ислам Әбішев пен вице-президент қызметін атқарған Серік Төкеевтер күдікті ретінде қамауға алынғаны белгілі.
Конгресс мүшелерінің дауыс беруінің нәтижесінде федерация президенті болып ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев алдағы бес жылға сайланды. Оның орынбасары, яғни бірінші вице-президенті ретінде Бәделхан Камалханұлының кандидатурасы бірауыздан мақұлданды. Сондай-ақ, көпшіліктің қолдауымен Грекиядан келген Пекос Феодорос пен қытайлық Соң Жиаңлиң де вице-президент қызметін атқармақ.
Қазақстанның халық әртісі, актер, режиссер Досхан Жолжақсынов Дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясының «Құрметті президенті» болып сайланды.
Еске сала кетсек, 20-21 желтоқсан күндері елордада қазақ күресінен VIII әлем біріншілігі өтеді. Оған 40 мемлекеттен 300-ге жуық балуан келген. Жалпы елімізде қазақ күресінен екі бірдей халықаралық федерация бар. Біреуі осы Дүниежүзілік «Қазақ күресі» федерациясы болса, екіншісі Халықаралық қазақ күресі федерациясы. Оны кеше президенттің көмекшісі болып тағайындалған Қанат Бозымбаев басқарады.
«BAQ.KZ » сайтынан