Хадиша театрының хас шеберлері жарады!

Биылғы «Сахнагер-2019» ұлттық театр сыйлығы жүлдегерлерінің қатарында Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры қызметкерлерінің болуы – күллі өңір жұртшылығы үшін зор мақтаныш.

Ағымдағы жылдың 17 желтоқсанында Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан театрлары қауымдастығының ұйымдастыруымен Жастар театры ғимаратында «Сахнагер-2019» ұлттық театр сыйлығының иегерлерін салтанатты түрде марапаттау кеші өтті. Белгілі болғанындай, Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері де аталмыш жүлдеге қол жеткізіп, театрсүйер көрерменнің қуанышын еселеді.

Атап айтсақ, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» орденінің иегері, ел көлеміне танымал актер Сердеш Қажымұратов «Театр өнерінің дамуына қосқан ерекше үлесі үшін» номинациясымен (500 мың теңге) марапатталды. «Еңбек даңқы» төсбелгісінің иегері Ержан Қажымов «Ең үздік дыбыс режиссері» атанып, 1 миллион теңгені қанжығасына байлады. Ал «Өнер саласының үздігі» төсбелгісінің иегері, театрдың белді актрисасы Наргиз Шадыева «Үміт» сыйлығына (150 мың теңге) лайық деп танылды.

Хадиша театрының мерейін үстеген жерлестерімізді біз де елеулі жетістіктерімен құттықтаймыз.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *