Балалардың өмір қауіпсіздігі – басты назарда

Оралдағы №42 «Ақ ниет» мектеп-гимназиясында өткен жиында білім беру ұйымдарында жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.

Оған облыс әкімінің орынбасары Аманжол Алпысбаев, қала әкімі Абат Шыныбеков, облыс әкімдігінің қоғамдық өкілі және ардагер ұстаз Светлана Ерғалиева, қалалық білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Батиқа Пайдина, БҚО ПД ЖПҚБ бастығының орынбасары, полиция полковнигі Әлібек Құсайынов пен қалалық ПБ бастығы, полиция подполковнигі Мерлан Айкенов, басқарманың ЖПҚб кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ювеналды тобының бастығы, полиция капитаны Дамир Кидрашев, ЮПт аға инспекторы, полиция майоры Мәдина Құспанова, мектеп инспекторы, полиция майоры Ақмарал Жайлығұлова және мектеп  директорлары қатысты.

Отырыста алдымен сөз алған шаһар басшысы Абат Абайұлы күн тәртібіне қойылған мәселелерге тоқталды. Қалалық білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Батиқа Шақуқызы жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша «Гауһар жол» қоғамдық бірлестігімен ынтымақтаса атқарылған жұмыстарды тізбелеп, көпшілікті осы мақсатта бірнеше тарап болып жұмыстануға шақырды. Бүгінге дейін 1-8 сынып оқушыларына жол жүру ережесінің сызбасы түсіндіріліп, 4220 сынып сағаты өткен.

Облыс әкімінің  орынбасары Аманжол Алпысбаев жол қауіпсіздігіне қатысты нұсқауларға уақтылы мән берілуін  талап етті.  Оқушының үйіне дейін жүретін жолының сызбасы айшықталып, балалардың қатысымен орын алатын жол апаттарына тосқауыл қою жайы пысықталды. Қалалық ПБ ЖПҚб ювеналды тобының бастығы, полиция капитаны Дамир Кидрашев  білім ошақтарында орын алатын қылмыс түрлеріне тоқталып, мектеп басшыларынан бейнебақылау камераларына сапалы жазба жазылуын қадағалауды сұрады.

Басқосу барысында бала өміріне, оның қауіпсіздігіне жауапты мекеме басшылары кезекпен сөз алды. Әр мектепке бекітілген мектеп инспекторларының бар екені, оқушылардың сыртқы киімі мен сөмкелеріне жарықтандырғыш лента тігілгені, ата-ана мен мектептің бірігіп атқарған жұмыстары айтылды. Ал ең бастысы, оқушылардың жол апаттарының құрбаны болуына жол бермеу. Бұл бағыттағы іс-шаралар әлі де жалғасын табатын болады.

Гүламан ИСМАҒҰЛОВА,

Орал қалалық ПБ баспасөз қызметі

 

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *