Бүгін Оралдағы ЖББ №50 орта мектепте «Адал ұрпақ — жемқорлықсыз қоғамға бастар жол» тақырыбында қалалық форум өтті.
Жас ұрпақты рухани-адамгершілік және азаматтық-патриоттық тәрбиеге бағыттай отырып, олардың бойына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру, саяси-құқықтық білім беру, «Адал ұрпақ» клубының жұмысы бойынша тәжірибе алмасу мақсатындағы шараны қалалық білім беру бөлімі ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментімен бірлесе ұйымдастырды. Шараға білім саласының өкілдері, «Адал ұрпақ» клубының мүшелері қатысты.
Форумға қатысушылар «Жемқорлықсыз қоғам — балалардың көзімен» атты сурет көрмесін, «Жемқорлық — қылмыс» тақырыбындағы кітап көрмесін тамашалады. Сондай-ақ «Адал дүкен» акциясынан хабардар болды.
Шара барысында №20, №10, №47 орта мектеп оқушылары аталмыш білім ордаларында жемқорлықсыз қоғамды қалыптастыру бағытында жасалып жатқан жұмыстармен таныстырды. Мысалы, №20 орта мектептегі «Адал ұрпақ» клубының жетекшісі Айнұр Шалқарова «Сіз бен біз жемқорлықсыз қоғамда өмір сүре аламыз ба?» атты пікірталас алаңына шақырса, А.Байтұрсынов атындағы №10 орта мектептің «Адал ұрпақ» клубының көшбасшысы Айзада Серікова «Парасыз болашаққа. Бірге» жобасын ұсынды. Сонымен бірге форумға қатысушылар №47 мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әйгерім Әбдірахманова ұсынған «Саналы азамат — бүгіннен» тақырыбындағы ынтымақтастық алаңында бас қосты. Бұдан соң қатысушылар «Адал ұрпақ — мәңгілік ел болашағы» атты театрландырылған композицияның куәсі болып, шара соңында форум тақырыбы аясындағы ойларын ортаға салды.
Қалалық білім беру бөлімінің «Жайықтың жасөспірімдері — жаңғыру жолында» балалар бастамасы аясында жоспарланған «Достық көпірі» қалалық еріктілер лигасының достық кездесуі жобасы №37,41,42,44,46 мектептерге табысталды.
Ләззат ҚАЖЫМОВА