Толғамды ойлармен өрілген кеш

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ерен еңбегі үшін», «Мәдениет саласының үздігі», төсбелгілерінің иегері, халықаралық және республикалық айтыстардың жүлдегері, ақын Бауыржан Халиолланың 40 жасқа толуына орай ұйымдастырылған мәдени шаралар легі бүгін Оралда түйінделді.

«Таң менен бесін арасы» деп аталған қаламгердің шығармашылық кешіне қазақ өнері мен мәдениетінің абызы Асанәлі Әшімов бастаған зиялы қауым өкілдері, ақын Жүрсін Ерман бастаған айтыскер ақындар, еліміздің әр өңірінен атқамінер азаматтар, ел ағалары келіп қатысты. Әдеби кешті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын, журналист Жанарбек Әшім жүргізді.

Шарада алдымен сөз алған облыс әкімінің орынбасары Серік Егізбаев Ақ Жайыққа ат арытып жеткен құрметті меймандарға «қош келдіңіз» айтып, кеш иесі Бауыржан Ергенұлын мерейлі жасымен құттықтады.

Рухани кеш барысында жауһар жырға да, әсем әнге де, әдемі әзілге де кезек берілді. Кеңестер Одағының Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек ері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, сахна саңлағы, қазақ өнерінің абызы Асанәлі Әшімов, ҚР-ның Еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының басқарма төрағасы, ақын Жүрсін Ерман, Қазақстанның Халық әртісі, әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев, айтыс өнерін қолдап жүрген меценат Құсайын Омаров, Қазақстанның Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, қаламгер Мереке Құлкенов, «Жұлдыз» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай және басқа да кеш қонақтары тағылымды әңгімелер айтып, рухани шараның шырайын кіргізді.

«Басқаның тойы өткізілмесе де, халықтың жоғын жоқтап жүретін ақынның тойы өткізілуі керек» деген сахна саңлағы Асанәлі ақсақал өнердегі немересінің иығына ырымдап өзінің шапанын жапты. «Ешкімге ұқсамайтын «мінезді» ақынның тойы елдігіміз бен бірлігімізді көрсетті» десті қадірменді меймандар.

Бұл күні Бауыржан Ергенұлы екінші мәрте ҚР Мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының «Еңбек даңқы» төсбелгісін кеудесіне тақты. Сонымен қатар мәдени кеште Б.Халиолланың «Шерлі шағала», «Жүрек сөзі», «Жымпиты жыры» әндері орындалды.

– Менің негізгі мақсатым – есімдері елімізге танымал тұлғаларды оқырмандарыммен жүздестіру, – деген мерейтой иесі игі тілектерін, ел-жұрттың сәлемін арқалай келген өнердегі ағалары мен барша азаматтарға алғысын білдіріп, «Алматы – ақындар қаласы», «Бірбеткей мінез» өлеңдерімен шығармашылық кешін түйіндеді.

Еске сала кетсек, ақын Бауыржан Халиолланың мерейтойына арналған шаралар легі 23 қараша күні өзі дүниеге келген Қособа ауылынан басталып, Сырым ауданында жалғасын тапқан еді.

Ләззат ҚАЖЫМОВА 

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *