Үстіміздегі жылдың 27 қазанында тіркелген осы кісі тонау фактісін Абай полиция бөлімінің жедел уәкілдері 18 қарашада ашты деп хабарлайды Орал қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі.
Сәл шегініс жасасақ, оқиға орын алған күні оқушы қыз аулада ролик теуіп ойнап, кейін кешкі сағат 18.15 шамасында Мұхит көшесіндегі үйіне бет алады. Үйінің кіреберісіне бейқам жүріп жақындаған жеткіншек есікті аша бергенде, артынан оқыс жетіп келген бейтаныс ер адам оны қылғындырып, тұншықтыра қысады. Сосын қыздың қолындағы «Самсунг галакси» маркалы қымбат ұялы телефонын күштеп тартып алып, оқиға орнынан бой тасалайды. Ал роликті асфальт үстіне тастай қашады.
Жәбір көрген 2007 жылы туған қыздың ата-анасы дереу қалалық полиция басқармасына қоңырау шалады. Бір жағынан ата-ана қызының бас амандығына қуаныпты. Аталған тонау фактісімен шұғылданған Абай полиция бөлімшесі криминалдық полиция бөлімшесінің жедел уәкілдері жуырда, яғни 18 қарашада қылмысты әшкере етті. Нәтижесінде 1989 жылғы, бұрын сотталған оралдық күдіктіні жедел уәкілдер – полиция капитаны Дидар Құрманғалиев пен полиция аға лейтенанты Біржан Қазтуғанов бөлімге жеткізген. Қолды болған ұялы телефон иесіне қайтарылған. Тәртіп сақшыларының қолына түскен А. есімді ұрлықшы қыз баланы қалай тонағанын өзі баяндап берген. Оның бұдан өзге екі ұрлық фактісіне қатысы бары анықталып, қымбат телевизорлар мен сыртқы киім-кешектер тәркіленіпті.
«Бүгінгі күні Абай Пб тергеу бөлімшесінің өндірісінде ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы, 2-бөліміне сай қылмыстық іс тергелуде. Осы оқиғаға душар болған қала мектебінің 7-сынып оқушысының анасы Анна Сергеевна тәртіп сақшыларына алғысын айту үшін Абай полиция бөлімінің басшылығына арнайы барды» деп хабарлайды басқарманың баспасөз қызметі.
Осы жылдың 10 айында қала орталығында 113 кісі тонау фактісі тіркелген. Жалпы тіркелген қылмыс саны 2018 жылдың 10 айында 2460-ты құраса, биылғы жылдың есепті мерзімінде 2143 қылмыс тіркелген.
«PULS» ақпарат