Бүгін Орал қаласында Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының және облыстық басқармалардың қызметкерлері волейболдан турнирде бақ сынады.
Спорт жарысы волейбол ойындарын дамыту мен кеңінен насихаттау, салауатты өмір салты қағидаларын бекітуді мақсат тұтты.
Турнир Қазақстан Республикасының «Тұңғыш Президенті күні» мерекесіне орай ұйымдастырылған.
Жарысқа БҚО әкімі аппаратының командасы және өңіріміздегі еңбек инспекциясы , мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы, ветеринария, жер қатынастары және мемлекеттік сатып алу, өңірлік құрылыс басқармасы, сондай-ақ
жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармаларының командалары қатысты.
Турнирге қатысушылардың жалпы саны — 70 спортшы.
Зашаған кентіндегі «Арман» спорт кешенінде өткен турнирде тартысты ойын көрсеткен БҚО мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының командасы жеңімпаз атанды. БҚО жер қатынастары және мемлекеттік сатып алу басқармасының командасы — екінші, облыстық ветеринария басқармасы үшінші орынды өзара бөлісті. Сондай-ақ Аида Мулдашева «Үздік қорғаушы», Тимур Шиниязов «Үздік шабуылшы» атанса, «Үздік байланыстырушы» бағамы Ақмарал Жиенбаеваға бұйырды. Ал Есқайыр Атауов «Турнир ақсақалы» аталымын иеленді.
Гүлзинат ҚИБАТОВА