Жуырда Батыс Қазақстан облысының Казталов аудандық тарихи-өлкетану мұражайында осы өңірде дүниеге келген прокуратура органдарының қызметкерлеріне арналған бұрыш ашылды, — деп хабарлайды БҚО прокуратурасының баспасөз қызметі.
Шараға облыс прокуроры Жандос Өмірәлиев, прокуратура органдарының ардагерлері Жеңіс Қапезов, Ғинаят Салықов, Бақытжан Сарбасов және қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.
Басты мақсат — «Ер есімі ел есінде» деп халқымыз айтқандай, батырларымыздың ерлігін, өлкеміздің тарихи, мәдени құндылықтарын көзіміздің қарашығындай сақтап, келер ұрпаққа жеткізу.
Осы бұрышта өткеннен сыр шертетін естелік суреттер, өмірбаяндар, құнды құжаттар және Мұқатып Әжхановтың бюсті орнатылған.
Мұқатып Әжханов 1943 жылы Казталов орта мектебін бітірген соң, майданға аттанған. Ұлы Отан соғысы аяқталған кейін 38 жыл прокуратура органдарында, атап айтсақ Жәнібек, Чапаев аудандарының прокуроры, ал 1971-1978 жылдары Орал облысының прокурорының қызметін атқарған.
Жұмыстағы жетістіктері және заңдылықты нығайту ісіне қосқан жеке үлесі үшін КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен Мұқатып Әжхановқа 3-ші сыныпты мемлекеттік әділет кеңесшісінің шені берілген.
Казталов ауданынан шыққан прокуратура қызметкерлері Ғинаят Салықов, Тілепберген Әділов, Абжай Садиев, Исқали Мұқанов, Жағылтай Искиндировалардың еңбектері мен заң саласына қосқан үлестері мақтанышпен айтылды.
Мұражайда прокуратура ардагерлерінің ерен еңбектері жөнінде кең ауқымды фактілер, материалдар мен экспонаттар жиналған.