ҚР Президенті Әкімшілігі келісімімен Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болып Тимуржан Шәкімов тағайындалды. Ал облыс әкімінің бұрынғы орынбасары Бағдат Азбаев өз еркімен жұмыстан босап, елордалық ең ірі компаниялардың бірі — «Астана Тазалық» ЖШС-ның басшысы қызметіне ауысты.
Тимуржан Әдиетұлы 1962 жылы туған, білімі жоғары. А.Микоян атындағы Куйбышев инженерлік-құрылыс институтын «инженер-құрылысшы» мамандығы бойынша тәмамдаған. Алғашқы еңбек жолын облысымыздағы бұрынғы Камен (қазіргі Тасқала) ауданының Ленин атындағы совхозда құрылыс учаскесінің мастері, прорабы қызметтерінен бастаған.
Әр жылдары:
— «Казторгстрой» тресінде Орал құрылыс учаскесінің бас инженері;
— Батыс Қазақстан облысы Инфрақұрылым және құрылыс басқармасының басшысы – бас сәулетші;
— Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің басқарма басшысы;
— Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары;
— Атырау облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды.
Тимуржан Шәкімов жаңа қызметінде энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, сәулет және құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мәселелеріне жетекшілік ететін болады.
«PULS» ақпарат