БҚО Бөрлі ауданы прокуратурасымен атқарушылық құжаттардың орындалуына талдау жүргізіліп, алимент бойынша 12 млн. теңге берешегі бар 87 қасақана борышкер анықталып, оларға тиісті шаралар қабылданды деп хабарлайды облыстық прокуратура.
Облыстық прокуратураның мәліметінше, алимент төлеуден жалтарып жүрген тоғыз аудан тұрғыны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 669-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Шекарадан шығуға 53 борышкерге уақытша тыйым салынған. Сондай-ақ 2019 жылғы 4 қарашада борышкерлерді жұмысқа орналастыру мақсатында жұмыспен қамту орталығында арнайы жәрмеңке өткізіліп, оған жиырмадан астам мекеме өкілі қатысты. Нәтижесінде 17 алименттен жалтарған азаматқа жұмысқа орналасуға жолдамалар берілді.
Осы жылы прокуратура мен сот орындаушылардың ұйымтастыруымен дәл осындай екі жәрмеңке өткізіліп, тоғыз тұлға жұмысқа орналыстырылған.
Мысалы, 1 млн. теңге қарызы бар Е. есімді борышкер Бөрлі колледжіне жүргізуші ретінде, ал К. есімді азамат (берешегі 2 миллионға жуық) «Конденсат» компаниясына күзетші-инспектор ретінде жұмысқа қабылданды.
2015 жылдан бері алимент төлемей келе жатқан Б. есімді Ақсай қаласының тұрғынына қатысты полициямен ҚК-нің 139-бабы 1-бөлігімен (балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Прокуратура органдары кәмелетке толмаған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды басты назарда ұстайтындарын мәлімдейді.
«PULS» ақпарат