Оралдық тәртіп сақшылары ұсақ құқық бұзушылыққа жол берген тұрғындар арасында түсінік жұмыстарын жүргізіп, ескертуді елемегендерге әкімшілік хаттама толтыруда деп мәлімдейді қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі.
Ұсақ құқық бұзушылыққа жол бермеу – әр адамның жеке бас тәртібіне және мәдениетіне байланысты. Көпшілік мәдени-қоғамдық орындарда дауыс көтеріп сөйлемеу, асфальт үстіне түкірмеу, бейтаныс адамды балағаттамау, автокөлік терезесінен қалдық заттар лақтырмау, темекі тұқылын кез келген орынға тастай салмау, шемекі қабығымен төңіректі бүлдірмеу секілді жайттарды ескеру әрбір тұрғынның санасына байланысты.
Жыл басынан бері Шаған полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары мен кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мектеп инспекторлары бірлесе ұсақ құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында бірнеше рейдтер ұйымдастырды. Нәтижесінде ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабымен 93 дана әкімшілік хаттама толтырылды. Рейд барысы мен кешенді тексерістер көрсеткендей, «Жәңгір хан», «Зачаганск», «Жадыра» сынды ірі сауда үйлері маңайында, азық-түлік дүкендеріне іргелес аймақтарда ұсақ құқық бұзушылықтарға жиі орын берілетіні белгілі болды.
– Жыл басынан бері ҚР әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 449- бабымен 27 әкімшілік хаттама толтырылып, 30 қазан мен 2 қараша аралығындағы «Қайыршылық» атты жедел алдын алу іс шарасы кезінде 10 әкімшілік хаттама толтырылды. Жеңіл өмір сүру қамын ойлап, алақан жайып тиын-тебен сұрайтындардың дені кешқұрым шығады, оларды түнде кездестіреміз. Аталмыш шара барысында учаскелік полиция инспекторлары өз аймақтарын қадағалап, тәртіпті сақтауға зор үлестерін қосты, – дейді Шаған полиция бөлімінің инспекторы, полиция капитаны Элмира Құлтаева.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, уақытпен санаспай қызмет сапынан табылатын тәртіп сақшыларының тексерістері мен рейдтері өз жалғасын табады.
«PULS» ақпарат